Құлсарыда өртенген жанар-жағар май стансасы жобалау құжатынсыз жұмыс істеген
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Жылыой ауданының орталығы — Құлсары қаласында жанар-жағар стансасында газ-ауа қоспасы жарылған еді. Соның салдарынан болған өрттен 14 тұрғын күйік алып, 2 адам ажал құшты.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың дерегіне қарағанда, қазір Құлсары қаласындағы өртке байланысты тергеу ісі жүріп жатыр. Тергеу 1 айға созылады.
— Атырау қаласы мен аудандарда комиссия құрылады. Комиссияларға әкімдердің орынбасарлары төрағалық етеді. Бұл комиссиялар Атырау қаласы мен аудандарда тек газ құю бекетін емес, жанар-жағар май құятын нысандардың барлығын тексеруі керек. Барлық жұмыс заң талаптарына сай атқарылады. Қазір Атырау қаласында мұндай бекеттердің қай жерде орналасқаны туралы негізгі тізім бар. Бізге адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған нысандарды анықтау қажет, — дейді Қайрат Нұртаев.
Ал Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтың пікірінше, Құлсарыда өртенген «Ниет» жанар-жағар бекетіне қатысты мәліметті жария етті.
— Бұл бекеттің жобалау құжаттарынсыз жұмыс істегені анықталған. Азаматтық қорғау туралы заңының 77-бабына сәйкес төтенше жағдайлар департаментіне тіркелмеген, — деді Сырым Жаймағамбетов.
Еске сала кетелік бұдан бұрын Құлсарыда газ-ауа қоспасы жарылып, 2 адам қаза тапты.
Кейін Құлсарыдағы жарылыс жанар-жағармай бекетіндегі резервуарға газ құю кезінде болғаны анықталды.