Құлсарыда жаңа теміржол вокзалы ашылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Республика күні қарсаңында Құлсары қаласында жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. 1970 жылдан бері жұмыс істеп келген ескі ғимараттың орнына салынған жаңа вокзалдың аумағы бұрынғыдан төрт есе үлкен, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Мұнда жолаушыларға арналған күту залдары, касса, медициналық пункт, ана мен бала бөлмесі және жүк сақтау орны бар. Мүгедектігі бар азаматтарға да қажетті жағдай жасалған.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Жобаны Eastcomtrans көлік-логистика компаниясы толық қаржыландырды. Құрылыс аяқталғаннан кейін вокзал әкімдік балансына өтеусіз берілді.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

— Қолдау көрсетіп, осы маңызды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан «ИсткомТранс» ЖШС-не алғысымды білдіремін. Бұл вокзал Құлсары қаласының әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға қосылған маңызды үлес деп білемін. Жаңа вокзал тұрғындарымызға сапалы қызмет көрсетіп, жолаушылар игілігіне ұзақ жылдар бойы қызмет етсін, — деді қала әкімі Қадыржан Адинов.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Құлсары станциясы арқылы күн сайын 10 жолаушылар пойызы өтеді. Олардың қатарында қалааралық, облысаралық және халықаралық транзиттік бағыттар бар. Вокзалдың орташа тәуліктік жолаушылар ағыны 300 адамнан асады.

Фото: Атырау облысы әкімдігі

Қазір Атырау облысында жеті теміржол вокзалы жаңартылған. Ал республика көлемінде 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Фото: Атырау облысы әкімдігі