Құлсарыдағы тасқын су басқан үйлерді бағалау жұмысы осы аптада аяқталады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Құлсары қаласындағы тасқын су басқан үйлерді бағалау жұмысын осы аптада аяқтау жоспарланып отыр.
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, жылжымайтын мүлікті бағалау комиссиясына 2 727 өтініш түскен.
«Су басқан 1 мыңға жуық үй апатты деп танылды. Қазір 500 тұрғынға бағалау қорытындысы туралы ақпарат берілді. Оның ішінде апатты үйдің 105 иесі, баспанасына күрделі жөндеу жүргізілетін 53 тұрғын өтемақы сомасына келісіп, келісім-шартқа отырды. Тасқын су кірген үйлерді бағалау осы аптаның аяғына дейін жүргізіледі. Мамандар тәулік бойы жұмыс істеп жүр», - деді Серік Шәпкенов.
Әкімнің дерегіне сүйенсек, 18 мамырда Құлсары қаласының «Болашақ» шағынауданында 70 үйжің құрылысы басталған. Бұл шағын ауданда 150 үй салу жоспарланған.
«Тасқыннан зардап шеккен 301 кәсіпкерден келтірілген шығынды өтеу бойынша өтініш түсті. Оларға кеңес беру орталығы ашылды. Тұрғындардан мүліктік залалды өтеуге 2 707 өтініш түсіп, оның 416-ның қорытындысы дайын болды. Мүліктің залал үшін 150 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өтемақы беріледі», -деп мәлім етті Серік Шәпкенов.
Сондай-ақ, ертең, 21 мамырда су тасқыннан қырылған малға өтемақы төлеу басталады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыға 1 мың тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілгенін жазған едік.