Ведомствоның мәліметінше, оқиға маусымның 12-інде сағат 15:00-де Целиноград ауданында орын алды. Жергілікті полиция бөліміне Қараменді батыр ауылы аумағындағы құм кенішінде белгісіз ер адамның тегіс ұңғымалы қарумен ақша, ұялы телефонды иемденіп, «КамАЗ» жүк көлігін мініп кеткендігі туралы телефон арқылы хабар түсті. Қаскөй бетін масадан қорғануға арналған сеткамен тұмшалаған.
«Күдіктіні ұстау үшін жеті аумақтық бөлімнің патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Тәртіп сақшыларының алдында ең бірінші кезекте көлік жүргізушісінің қаскөйдің қолынан зардап шегуіне жол бермеу болды», - дейді ведомстводан.
Жедел қолға түсіру шарасы барысында Тастақ ауылының маңындағы орман алқабында күдікті ұсталды. Жүргізушісі зардап шеккен жоқ.
«Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК 192 бабының 2 бөлігі 4 бөлімшесі «қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Сонымен бірге, ҚР ҚК 125 бабының 1 бөлігі «адам ұрлау» бойынша іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деп толықтырды ведомстводан.