Ақтөбе гарнизонының әскери сотында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаменті атыс орнының бастығы лауазымында келісімшарт бойынша жұмыс істеген Ш.Әсетке қатысты істі қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды.
Іс материалына сүйенсек, сотталушы былтыр мамыр айында бала кезден бері танитын көршісімен әңгімелесіп, оның көлік сатып алмақ болғанын біледі. Осы кезде пайда табуды ойлаған әскери қызметші банкте сыныптасы жұмыс істейтінін, кепілде тұрған көлікті арзанына сатып алуға көмектесетінін айтты. Айтқаны сенімді шығуы үшін әріптесінің телефоны арқылы банк қызметкері болып сөйлесіп, көлікті 4 500 000 теңгеге шығарып беруге келіскен. Әрі қарай сотталушы Ш.Әсет көліктің айыппұлын, нотариус қызметін, техникалық құжаттарын және мәміленің өзге де шығынын есептеп, ақшаны әріптестері мен туыстарының шотына аудартып, бір бөлігін қолма-қол алған. Шығын - 4 500 000 теңге.
Сот кабинетіндегі іс материалында сотталушы ақшаны онлайн ойындарға салып, бәс тіккен, өз қажеттіліктеріне жұмсағаны айтылады. Сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыпты толық мойындады. Келтірілген материалдық залалды толық өтеген.
Сот үкімімен Ш.Әсет Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабымен кінәлі деп танылып, төрт жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. ҚР «Рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес түпкілікті 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Жазаның барлық мерзімінде пробациялық бақылауда болады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, Маңғыстауда әскери қызметші шартты неке құрып, мемлекетке 43 млн теңге шығын келтірді. Сот үкімімен сотталушы К.Алмат Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан, подполковник шенінен айырылды.