Күн белсенділігі күшейді: Жерде магниттік дауыл тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Жерде Kp5+ индексімен магниттік дауыл тіркелді. Бұған Күннен бөлініп шыққан плазма ағынының Жерге жетуі себеп болған. Бұл туралы Күн астрономиясы зерханасы (XRAS) жазды.

Фото: Kazinform\ЖИ

Ресей Ғылым академиясының Ғарыштық зерттеулер институты жанындағы Күн астрономиясы зертханасының мәліметінше, Жер өткен түнде Күн тәжіндегі короналдық тесіктен шыққан плазма ағынының ықпалына түскен. Алайда біраз уақытқа дейін планетаның магнит өрісі салыстырмалы түрде тыныш күйде болған.

Мамандардың дерегінше, соңғы екі тәулікте күн желінің жылдамдығы секундына 300 шақырымнан 700 шақырымға дейін артқан. Сондықтан магниттік дауылдың басталуы күтілген құбылыс болған.

Сонымен қатар ғалымдар полярлық шұғыла белсенділігінің күшейгенін атап өтті.

Мамандар Kp5 индексі геомагниттік дауылдардың бес деңгейлі шкаласы бойынша G1 санатындағы әлсіз магниттік дауылға сәйкес келетінін түсіндірді.

Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын Жерде G2 деңгейіндегі магниттік дауыл болған. Сол кезде геомагниттік ауытқуларға Күндегі короналдық тесік себеп болған.

Бұған дейін Күнде көлденең қимасының диаметрі шамамен 1 миллион шақырым болатын алып короналдық тесік пайда болды. Астрофизиктердің болжамынша, бүгін түнде Жер тұрғындары күшті магниттік дауылға тап болуы мүмкін екенін жаздық.