Күндіз көліктің жарық шамын қосып жүру талабы алынып тасталған жоқ - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елді мекендерде күндіз көлікте жарық шамын қосып жүру талабын алып тастау жөніндегі ұсыныс құзырлы органдарда қаралған емес. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Қанат Сәдуақасов мәлім етті.

«Ішкі істер министрлігі ондай ұсыныстарды алған жоқ. ҚР Парламенті Мәжілісінде де бұл талапты алып тастау жөнінде ресми талқылаулар болған емес. Мүмкін талқылаудан сырт жерде айтылған да болар, дегенмен оны шындап қарастырған жоқ. Ондай мәселе тұрған жоқ, оның үстіне ІІМ бұл ұстанымды қолдайды», - деді Ұ.Сәдуақасов.

Оның айтуынша, жаңа нормалар жақсы нәтижелерге әкелуде.

«Бізде қазір апат саны төмендеп келеді. Осының арқасында елді мекендерде көптеген адамның өмірі аман қалды. Бізде елді мекендерде жол-көлік оқиғалары 6,5 пайызға, өлім-жітім оқиғалары 4,1 пайызға және жарақат алғандар бойынша 7,2 пайызға азайды, бұл өте жақсы көрсеткіштер. Күндіз жарық шамын жағып келе жатқан көліктерді жаяу жүргіншілер көз қиығымен көре алады, соның арқасында қауіптің бетін алуына мүмкіндік бірнеше есе көп болады», - деп атап өтті ол.

Қ.Сәдуақасовтың сөзіне қарағанда, мұндай норманы енгізбестен бұрын, ІІМ әлемдік тәжірибені де зерттеген болатын.

«Әлемде жарық шамына қатысты зерттеулер жасалды. АҚШ-та жеті мәрте, Канадада төрт мәрте, Норвегияда және Данияда екі есе, Финляндияда бір рет, Израильде бір рет, Швецияда, Венгрияда, Австрияда өткізілді. Олардың барлығы жол-көлік оқиғаларының кемуіне оң әсер еткен. Әрине, оның қоршаған ортаға әсері мен бірқатар шығындар бар. Жылына 6-13 канадалық доллар кетеді екен. Кез келген қарсы желдің әсерінен шығын көбірек болады. Бірақ адамның өмірі 10-13 канадалық доллардан әлдеқайда қымбат», - деп атап өтті ол.