Күніне 10 000 емес, 7000 қадам: денсаулыққа пайдасы дәлелденді

Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Күніне 7000 қадам жүретін адамдарда мезгілінен бұрын өмірмен қоштасу қаупі күніне 2000 қадам ғана жасайтындарға қарағанда екі есе төмен, деп жазады DW сайты Lancet Public Health ғылыми журналына сілтеме жасап. 

Ғалымдардың айтуынша, күніне шамамен 1 сағаттық жүріске тең 7000 қадам мидың деменциясы даму қаупін 38%-ға, депрессияны — 22%-ға, ал қант диабетін — 14%-ға азайтады. Серуендеуді ұнататын адамдарда қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы да төмендейді.

Халықаралық ғалымдар тобы 160 000 адамды қамтыған 57 зерттеуді талдап, күніне 10 мың қадам жүру ұсынысының ғылыми негізі жоқ екенін дәлелдеді. Бұл сан алғаш рет 1964 жылы Токиода өткен Олимпиада қарсаңында Yamasa Tokei компаниясы жарнамалаған жапондық қадам өлшегішпен (шагомер) танымал болды. Құрылғы Manpo-Kei деп аталды, бұл жапон тілінен тікелей аударғанда «10 000 қадам есептегіші» деген мағынаны білдіреді.

— Денсаулыққа пайдалы болу үшін күніне міндетті түрде 10 000 қадам жүрудің қажеті жоқ, — дейді зерттеудің авторларының бірі, Кембридж университетінің ғалымы Пэдди Демпси. 

Пэдди Демпси пайымынша, ең үлкен пайда 7000 қадам кезінде байқалады, содан кейін бұл әсер айтарлықтай өзгермейді. 

Оның айтуынша, егер сіз қазірдің өзінде 10 000 қадам жүрсеңіз — жақсы, жалғастыра беріңіз. Ал егер күніне 2000–3000 қадам ғана жасайтын болсаңыз, біртіндеп тағы 1000 қадам қосуға тырысыңыз.

«Күніне 10 мың қадам бұл тек маркетингтік қулық, ал 7 мың қадам шын мәнінде маңызды» дейді ғалымдар.

Жалпы жүгіру мен жиі жаяу жүрудің пайдасын білгіңіз келсе, мына сілтемеге өтіңіз.