Жүгірудің, жиі жаяу жүрудің пайдасы қандай

Дәрігер
Фото: Kazinform

Тіршіліктің күйбеңімен жүріп кейде денсаулыққа мүлде мән бермей кететініміз бар. Ал денсаулықтың кепілі – спорт екендігі баршаға мәлім. Спорттың бір түрімен белсенді айналысуға, күн сайын жаттығу залына баруға екінің бірінің уақыты жете бермейді. Бірақ таза ауада серуендеуге, арасында жаяу жүруге ден қоюға әсте болады. Бүгінгі мақаламыз осы тақырып төңірегінде.

Спортты серік етіңіз

Махатма Ганди «Менің өмірім» атты кітабында денсаулықты күту үшін үнемі таңертең жұмысқа жаяу барып, кешкісін жаяу қайтатынын жазған. Үнді қайраткері қастандықтан көз жұмғанда 78 жаста еді. Оның осыншама жасқа дейін денсаулығы жақсы, санасы сергек болуына үнемі қимыл-қозғалыста жүргендігінің әсері мол екендігіне ешкім шүбә келтірмес.

Өкінішке қарай, технология дамыған мына заманда адамдар қозғалыстан қалып барады. Жұмысқа көлікпен жетіп, кабинетте кешке дейін отырады. Жұмыстан соң үйге келіп, ішке ел қондырып алады да «шаршадым» деп диванда жатады. Сөйтіп, түрлі аурулардың өзіне кенедей қадалғанын асқынғанда бірақ біледі. Қазір аурулардың «жасарып» келе жатқандығына да осы себеп. Ал спортты серік еткендер денсаулығын сақтап, аурудан ада болады. Күн сайын жаттығу залына баруға уақытыңыз жетпесе, онда таза ауада серуендегеннің, жаяу жүргеннің пайдасы мол. Бұл туралы бізге Өскемендегі №1 емхананың бөлім меңгерушісі Айгерім Қабдығалиева тереңірек айтып берді.

«Серуендеу мен жүгіру қан айналымын жақсартып, адам организмін оттегімен қандырады. Тамыр жүйесін жаттықтырып, көптеген жүрек ауруының алдын алады. Баяу жүгіру кезінде ағзаның зат алмасу процесі қалыпқа келіп, қандағы холестерин мөлшері азаяды. Жүгіргенде, серуендегенде қан тамырлар арқылы белсенді өтіп, оларды нығайтады және жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы тұруға көмектеседі», - дейді ол.

Тұрақты жүгірумен айналыссаңыз, онда жүрек камераларының көлемі ұлғайып, соның нәтижесінде жүрегіңіз мықты бола түседі. Бұдан бөлек, жүгіру жүрек соғу жиілігін қалыпқа келтіріп, тахикардияны жеңуге көмектеседі.

«Жүйелі түрде жүгіру қан қысымын қалыпқа келтіріп, қан тамырларының тонусын арттырады. Сондай-ақ қан қысымы жоғары адамдарда қысымды төмендетуге, ал төмендерде көтеруге сеп болады. Ұзақ уақыт бойы физикалық белсенділік болмаса оның қаупі зор. Атап айтқанда, жүрек-қан тамырлары аурулары пайда болады. Жаттығу жасамай, қимыл-қозғалыссыз өмір сүрсеңіз, онда ол жоғары холестерин және семіздік сияқты инфаркт пен инсульт қаупін арттыратын жағдайлардың дамуына ықпал етеді», - дейді Айгерім Қабдығалиева.

Оның айтуынша, күніне шамамен екі сағат жаяу жүру, серуендеу қажет. Немесе аптасына 2-3 рет екі жарым сағаттық орташа белсенділікпен айналысуға болады. Мысалы, велосипед тебу, жылдам жүру, жүгіру. Басқа да спорт түрлерімен 75 минут қарқынды айналысқан өте пайдалы.

«Өзіңізді жеңіл сезінесіз»

Осы ретте, журналист, веломарафоншы Ернат Мелсұлын әңгімеге тартып көрдік. Ол спорттың өміріне қаншалықты пайдасын тигізін жатқанын тілге тиек етті.

Денсаулық
Фото: Kazinform

«Күн сайын 20 минут жалпы дене қыздыру жаттығуын жасаймын. Дүйсенбі-жұма күндері таңертең сағат 5 пен 6 аралығында үйден жұмысқа жаяу алты жарым шақырым жүремін. Бұған 1 сағаттай уақыт кетеді. Ал кешке жұмыстан үйге тағы 6 жарым шақырымды еңсеріп жаяу қайтамын. Сенбі-жексенбіде велосипедпен 10 шақырым жүріп, суда жүзуге 1 сағат арнаймын», - дейді.

Кешкі 10-ға дейін ұйықтауды әдетке айналдырыпты. Таңертең жұмыс күндері 4 жарымда тұрса, демалыстарда сағат 6-да оянады.

«Жаяу жүргеннің пайдасы көп. Қимыл-қозғалыс болады. Таза ауа жұтасың. Қаның жүреді. Қан жүрген соң, ой тудыру үдерісі жақсарады. Белсенді спорт пен өнімді шығармашылық өзара тығыз байланысты. Баяу аққан қан қоюланып, оттегі тиісті деңгейде жетпеген соң адамның миы аши бастайды. Негізі ғалымдар күніне кемінде 10 мың қадам жүру керек дейді. Дененің өз хақысы бар. Ол - тым құрығанда кемі 20 минут физикалық жаттығу жасау», - дейді Ернат Мелсұлы.

Веломарафоншыдан жаяу жүруге, жүгіруге, жалпы спортқа уақыт таппай жүргендерге қандай лайфхактар ұсынатындығын сұрап көрдік.

«Жұмысыңызға жаяу барыңыз. Тым алыс болса, шамаңыз жететін жерден жаяу жетіңіз. Мысалы, жұмысыңыз 6 шақырым болса, көлікпен 4 шақырым жүріңіз де, оны сол жерден тастап қалған 2 шақырымды жаяу жүріп өтіңіз. Сонда сізде физикалық даму, қимыл-қозғалыс болады. Немесе лифтінің орнына баспалдақ пайдаланыңыз. Мысалы, 8 қабатта тұрасыз делік, соған жаяу көтеріліңіз және түсіңіз. Бірақ өзіңізді зорықтырудан аулақ болған жөн. Аяқты нық басып, табанды нық қойып, асықпай адымдаңыз. Бұл қимыл-қозғалысты қатты шектеп алғандарға арналған қарапайым лайфхактар. Жаз кезіне қарағанда қыста жүргеннің пайдасы молырақ. Бұл иондарға байланысты. Біз жұтатын ауа оң және теріс иондардан тұрады. Оң ион жабық ғимаратта болады. Ал теріс ион ашық жерде, көшеде көп. Аяз, мұз, боран болатын қыс мезгілінде теріс иондар ауада шүпілдеп толып тұрады. Бұл кездегі теріс иондар тек қана ауа емес, ем де болады. Бұл - нақты ғылым», - деп жауап берді.

Ернат Мелсұлының айтуынша, үнемі қимыл-қозғалыста болудың пайдасы шаш-етектен.

«Ең әуелі, өзіңізді жеңіл сезінесіз. Артық салмақ мүлде болмайды. Спортты тұрақты серік еткендер өзін жақсы таниды. Өзің жақсы таныған адам жетістік жолына түседі. Барлық нәрсенің қадірін біледі. Арақ, темекі, насыбай, вейп, құмар ойын, телефонға көп телміру сияқты кеселдерден бойын аулақ ұстайды. Маңдай терімен тапқан ақшасын басқа зиянды нәрсеге жұмсамайды. Отбасында үйлесім болады. Сырқат келсе, тез еңсереді. Еңсесі тік, көңілі сергек, бойы жеңіл жүреді. Абай «Әр жинақылықтың түбі кеніш» деген. Спорт, саламатты өмір салты жинақы болуға әдеттендіреді», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар