Күрдістан жұмысшы партиясы тарады

Фото: Фото: REPORT.AZ

АСТАНА. KAZINFORM – Шешім партияның 12-ші съезінде қабылданды, деп хабарлайды Kaxinform ВВС.

Күрдтердің Rudaw телеарнасының хабарлауынша, КЖП өзінің ұйымдық құрылымын таратады, әскери күресті де тоқтатып, өзінің бұрынғы атауымен қызметін тоқтатады.

- Күрдістан жұмысшы партиясы халқымызға қарсы мойындамау, жою саясатын құртып, күрд мәселесін демократиялық жолмен шешуге болатын жағдайға алып келді, яғни өзінің тарихи миссиясын орындады, - делінген партияның мәлімдемесінде.

Ақпан айының соңында партияның қамауда отырған лидері Абдулла Оджалан өзінің жақтастарын түрік мемлекетіне қарсы қарулы күресті тоқтатып, қаруды тастауға шақырды. Осыдан кейін партия Түркиямен қақтығыста атысты тоқтатып, кейінгі стратегияны талқылауға көшті.

Күрдістанның жұмысшы партиясы 1978 жылы құрылып, Түркия аумағында тәуелсіз күрд мемлекетін құру жолында 40 жылдан астам уақыт қарулы күрес жүргізді, мыңдаған адам құрбан болды.

КЖП Түркияда, АҚШ пен Британияда және Еуроаның бірқатар елінде террористік ұйым деп танылған.

Осыған дейін Күрдістан жұмысшы партиясы Түркия үкіметімен бітімге келетінін жариялаған болатын.