АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласында күрес түрлерінен ересектер арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті.
Ең соңғы бәсекеде еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақта Токио олимпиадасына қатысқан Азия біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері Әлішер Ерғали мен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан белдесті.
Өткен жылы айды аспанға шығарып, 92 келіде қазақстандықтар арасынан алғаш рет 19 жасында әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан кейін олимпиадалық салмаққа ауысқан еді.
Бұл жолы финалда Ризабек Әлішерді белдесу барысында барынша тықсырып, алда тұрды.
Алайда айқас соңына таман Әлішер күш алып, 14:10 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Әлішер Ерғали Париж олимпиадасының жолдамасы үшін таласуға мүмкіндік алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын еркін күрестен алғашқы жеңімпаздар анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).