АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысы Алға қаласында құрғақ шөп жанып, саяжай аумағына тарап кетті. Барлығы 10 үй өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін сағат 14:15-те Алға қаласындағы бау-бақша қоғамдастығының аумағында құрғақ шөп тұтанды. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жалын саяжай үйлеріне тарап жатқанын анықтаған.
«Саяжай аумағында 59 үй бар. Оның 10-ы өртенді. Бұл үйлерде адам тұрмайды, тек бау-бақша дақылдары егіледі. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаментінен 26 адам және 5 техника жіберілді. Ал жергілікті атқарушы органдардан 10 адам мен 3 техника жұмылдырылды. Өрт сағат 16:30-да ауыздықталды. Қазіргі кезде оттың шығу себебі анықталып жатыр», - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, бүгін сағат 10.40-та Ақтөбедегі қоқыс полигонынан тағы өрт шықты. Облыстық ТЖД баспасөз қызметі «Табыс Ақтөбе» ЖШС-ға тиесілі қатты тұрмыстық қалдық полигонының аумағында қоқыс және құрғақ шөп жанып жатқанын хабарлады.
«Сөндіру жұмыстарына өрт сөндіру бөлімдері және «Табыс Ақтөбе» ЖШС-дан, Оман шаруашылығынан жалпы 46 қызметкер мен 21 техника тартылды. Қоқыстың бықсуын жою және құммен жабу жұмыстары жүргізіліп жатыр»,- деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.