Құрғақшылыққа байланысты Өзбекстан мешіттерінде тасаттық беріледі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биыл күздің жаңбырсыз өтуіне байланысты осы жұмада Өзбекстанның барлық мешіттерінде тасаттық беріледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан мұсылмандары басқармасынан мәлім еткендей, облыс, аудан және қалалық орталық мешіттерде жауын тілеу намазы оқылады. Сондай-ақ, құрбандық шалынып, ет мұқтаж отбасыларға таратылады.
Мұнымен бірге, Өзбекстан мұсылмандары басқармасы қазір Мекке мен Мединада қажылық парызын өтеп жүрген азаматтарға да жауын тілеу намазын оқуды ұсынды.
Бұған дейін хабарлағынымыздай, Ташкенттегі ауа сапасы нашарлап барады. Биыл жаз бен күз мезгілдері жауынсыз өтті. Тиісінше, бұл күндері шаң көтеріліп, экологиялық ахуал күрделене түсті.
Қоса кетсек, қараша айының орта кезеңінде Өзбекстан астанасында Орталық Азияның рухани мұралары жайлы халықаралық конгресс өтті. Оның барысында Орталық Азия және Әзербайжанның мәдениет пен өнер майталмандары, ғалымдары мен тарихшылары өзара пікір алмасып, ортақ ұсыныстар әзірледі.