Құрылыс компанияларына кепілдік алу талаптары жеңілдейді — заң жобасы

Фото: Александр Павский/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылыс компанияларын қаражатты заңды жолмен тартуға ынталандыру мақсатында жаңа заң жобасында бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілі бойынша бастапқы талаптарды жеңілдету қарастырылған.

Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы Ерлан Күлішев айтып берді. 

— Құрылыс компаниялары бірыңғай оператордың кепілдігі, екінші деңгейдегі банктердің жобаларға қатысуы және көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін қаражат тарту. Бірыңғай оператордың кепілі бойынша 255 кепілдік берілген, бұл нарықтың 25,5%-ын құрайды. Соның ішінде 221 жоба аяқталды, 34 жоба салынып жатыр. Екінші деңгейлі банктердің қатысуы арқылы 588 нысанға үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат берілген, бұл нарықтың 58,9%-ын құрайды. Оның ішінде 455 жоба аяқталып, 133 нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда, — деді Ерлан Күлішев «Атамекен» ҰКП алаңында өткен жиында.

Оның айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін қаржы тарту тәсілі бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан 156 нысанға рұқсат берілді. Бұл нарықтың 15,6%-ын құрайды. Оның ішінде 124 жоба аяқталып, 32-сі салынып жатыр. 

Сондай-ақ құрылыс компанияларын қаражатты заңды жолмен тартуға ынталандыру мақсатында заң жобасында бірыңғай оператордың кепілдігін алу тәсілі бойынша бастапқы талаптарды жеңілдету қарастырылған. 

— Атап айтқанда, талап 3 жылдан 2 жылға, құрылыс көлемі республикалық маңызы бар қалалар мен елордада 18 мың шаршы метрден 10 мың шаршы метрге дейін, ал өңірлерде 9 мыңнан 5 мың шаршы метрге дейін төмендетіледі. Сонымен қатар, құрылыс салушы немесе уәкілетті компанияның активтері қысқа және ұзақ мерзімді міндеттемесін шегергеннен кейінгі жиынтық активтерінің кемінде 10% құрауы тиіс, — деп түсіндірді министрлік өкілі.

Бүгін елордада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңы талқыланды. Жиынға құзырлы органдар өкілдері, құрылыс компанияларының басшылары мен бизнес өкілдері қатысты. 

Еске салайық, биыл 30 сәуірде Мәжіліс үлескер ақшасына тұрғын үй салу ережесін жетілдіретін заңды қабылдады

12 маусымда Сенат үлескерлікті реттеп, азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтатын заңдарды қарады