Енді құрылыс компаниясы нысанға кемінде бес жыл кепілдік беруге міндетті. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін.LIVE» бағдарламасында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы Рахат Елтизаров айтты.
Оның айтуынша, құрылыс саласын цифрландыру жұмыстары жыл басынан бері қарқынды жүргізіліп келеді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Құрылыс министрлігінің жанында ауқымды жұмыстар жүргізілді. 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Ал қаңтардан бастап құрылыс саласындағы автоматтандыру жүйелерінің нәтижесін көріп келеміз. Мысалы, сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды бұрын әкімдікке барып, қағаз түрінде алатын болса, қазір оларды электронды түрде тапсырып, белгіленген мерзімде алуға толық мүмкіндік бар, — деді Рахат Елтизаров.
Маманның айтуынша, цифрландыру тек құжат рәсімдеумен шектелмейді. Құрылыс нысанының салыну барысын да цифрлық жүйе арқылы бақылау мүмкіндігі жасалып жатыр.
— Қазір құрылыстың барысы, оның қалай жүргізіліп жатқаны цифрландырылып жатыр. Мысалы, Астана қаласында салынып жатқан үйлердің барлығында құрылыс барысы бейнекамералар арқылы жүйелі түрде бақыланады. Қай қабатқа дейін жеткені, жұмыстардың қай бағытта жүріп жатқанының барлығы цифрлық форматта көрінеді, — деді ол.
Әр құрылыс нысанына бірегей нөмір беріледі
Рахат Елтизаровтың айтуынша, 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастаған Q порталы құрылыс нысандарын бақылауды бір жүйеге біріктірді.
— Техникалық шарттарды алған кезде нысанға бірегей нөмір бекітіледі. Сол нөмірді Q порталға енгізсе, тұрғындар құрылыс нысанының қалай жүріп жатқанын, қандай кезеңде тұрғанын бақылауға болады, — деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, бұл жүйелердің енгізілуі құрылыс саласындағы қағазбастылықты азайтып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға да болады.
— Бұған дейін азаматтар тиісті құжаттарды алу үшін құзырлы органдарға барып, қағаз түрінде тапсыратын. Қазір электронды түрде өтініш беріп, белгіленген мерзімде құжаттарын ала алады. Әркіммен жеке келісіп отырудың қажеті жоқ, — деді ол.
Маман цифрландыру жұмыстары Үкіметтің тапсырмасына сәйкес 2029 жылға дейін жалғасатынын атап өтті.
Мердігердің кепілдігі 5 жылға ұзартылды
Жаңа Құрылыс кодексіндегі маңызды өзгерістердің бірі — тұрғын үйдің сапасына мердігердің жауапкершілігін күшейту.
— Қарапайым тұрғындардың жиі қоятын сұрақтарының бірі — салынған үйдің сапасына қатысты. Үйдің сапасы дұрыс болмаса немесе мердігер компания жұмысты уақытында аяқтамаса, кім жауап береді деген мәселе бар. Осыған байланысты жаңа кодексте тиісті нормалар енгізілді, — деді Рахат Елтизаров.
Оның айтуынша, бұған дейін құрылыс аяқталғаннан кейін мердігер компанияның кепілдік мерзімі екі жыл болатын. Жаңа талап бойынша бұл мерзім бес жылға ұзартылды.
Ал үйдің негізгі конструкцияларына қойылатын кепілдік мерзімі одан да ұзақ.
— Негізгі конструкциялар, яғни шатыр, үйдің қасбеті, инженерлік желілер, жылу жүйелері сияқты элементтер бойынша кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды. Бұл енді мердігер компанияның тікелей міндеті, яғни бұрынғыдай үйді тапсырып, екі жылдан кейін жауапкершіліктен босайтын жағдай болмайды, — деді ол.
Маман бұл өзгерістердің тұрғындар үшін маңызды екенін атап өтті.
— Бүгінде тұрғын үй нарығында үш мәселе маңызды. Біріншісі — құрылыстың сапалы болуы, екіншісі — мердігерлердің жауапкершілігі, үшіншісі — үйді алғаннан кейін тұрғындардың өз талаптарын қоя алуы, — деді басқарма басшысы.
Құрылыс нысандарын мемлекеттік бақылау күшейеді
Жаңа кодекспен құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін бақылау тетіктері де күшейтілді.
Рахат Елтизаровтың айтуынша, құрылыс нысандарын бақылауға жауапты мемлекеттік органдардың жұмысы да қайта қаралған. Бұған құрылыс сапасын бақылау және өрт қауіпсіздігі бағытындағы бақылау тетіктері кіреді. Сонымен қатар жоспарлы инспекциялау жүйесі де енгізіліп жатыр.
— Жоспарлы инспекциялау — құрылыс сапасын бақылау және қадағалау жүйесі, яғни жобалаудан бастап құрылыс аяқталғанға дейінгі жұмыстарға толыққанды бақылау жүргізіледі. Мемлекет те бизнеске кедергі жасамауы керек, бизнес те мемлекетке қауіп төндірмеуі керек, — деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін, құрылыс саласында баға белгілеудің ашықтығы қамтамасыз етілетінін жазған едік.