Президенттің айтуынша, Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады.
— Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ, депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Бұл туралы бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясында.
Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды.
Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы.
— Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді. Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл — билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз, — деді Мемлекет басшысы.
Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады.
Еске сала кетсек, Астанада Президенттің қатысуымен бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылды.
Бұған дейін Қ. Тоқаев Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктелетінін айтқан еді.
Шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржы нәтижесінде еліміздің барлық өңірінде жаңа өндіріс нысандары мен жұмыс орындары ашылып жатыр.