Мұндай ұсынысты Бас прокурорға, Ішкі істер министріне және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасына сауал жолдаған Құрылтай депутаты Юрий Ли жасады.
Мәселен, депутаттың дерегінше, Alem Credit онлайн-платформасының микрокредиттік қызметпен айналысуға тіркеуі де, лицензиясы да жоқ. Соған қарамастан, ондаған интернет-ресурс арқылы қарыз беруді жалғастырып келеді. Мұндай компаниялар заңды қаржы ұйымдары несие беруден бас тартқан азаматтарға қарыз ұсынуы мүмкін.
— Бұл ретте сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі ресми белгіленген шектен 9,5 есе, ал айыппұл санкцияларының мөлшері 10 есе асып отыр. Қарыз өтеу мерзімі өткен жағдайда психологиялық қысым мен қорқыту белгілері бар өндіріп алу әдістері қолданылады, — деді депутат Құрылтайдың жалпы отырысында.
Оның айтуынша, қарызын уақытында өтей алмаған азаматтар психологиялық қысым мен қорқытуға тап болады. Азаматтар үздіксіз қоңыраулар шалынатынын, туыстары мен жұмыс берушілері арқылы қысым жасалатынын айтып отыр. Сондай-ақ оларды жеке мәліметтері мен жасанды интеллект көмегімен жасалған әдепсіз сипаттағы фотосуреттерін таратамыз деп қорқытады.
— Бұған дейін қарыз алған азаматтарға алған сомасынан бірнеше есе көп қаражатты қайтару туралы талаптар әлі де қойылып келеді. Мәселен, 50 000 теңге көлеміндегі қарыз мақұлданған жағдайда, адамның қолына іс жүзінде 32 000 теңге ғана түседі. Ал қайтаруды талап ететін сома 752 000 теңгені құрайды. Бұл нақты алынған сомадан шамамен 23 есе көп, — деді депутат.
Бұған дейін Премьер-министрге сауал жолдаған депутат Асхат Рахымжанов сапасыз бензиннен зардап шеккен азаматтарды қорғау тетігін қалыптастыру керектігін айтқан еді.