- Көтеріліп отырған мәселе ведомстволардың бірлесіп кешенді түрде шешім қабылдауын қажет ететіндіктен, депутаттық сауалымыз төрт министрлікке бірдей жолданды. Салалық қауымдастықтар мен сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанда клининг қызметтері саласына шамамен 1,5 млн-нан астам адам жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш саланың аса ауқымды екенін және Қазақстан Республикасының еңбек нарығында елеулі рөлге ие екенін көрсетеді. Клининг саласы еліміздегі санитариялық жағдайды қамтамасыз етіп, кез келген қоғамдық орындарды тиісті деңгейде күтіп ұстауға мүмкіндік береді. Осы ретте сала қызметкерлерін түгендеп, оларды есепке алып, ресми жұмыспен қамту деңгейін, саланың кәсіби құрылымын, еңбекақы деңгейін мен кәсіби оқытуға деген қажеттілікті толық бағалайтын тетік мүлде жоқ және аталған мамандық иелерінің қоғамдағы мәртебесі де төмен. Елімізде осы күнге дейін еден жуушылардың, аула сыпырушылардың және клининг саласындағы қызметкерлердің еңбегі көбіне біліктілігі төмен әрі беделсіз жұмыс ретінде қабылданады, - деді Н. Камалова.
Осы орайда мұндай көзқарас сала қызметкерлерінің мәртебесіз адам ретінде бағалап, тазалық мәдениетінің қалыптасуына кері әсер ететінін айтты.
- Қазіргі заманғы клининг – жай ғана қосалқы қызмет емес, арнайы білім мен дағдыларды талап ететін дербес кәсіби сала. Тағы бір елеулі мәселе – сала қызметкерлерінің ресми табысының төмен болуы себепті қосымша табыс табуы ресми еңбек қатынастары аясында жүзеге асырылмайтыны. Нәтижесінде, азаматтар арасында бейресми жұмыс істеу белең алып, әлеуметтік әрі зейнетақы кепілдіктерінің, еңбек құқықтарының және өзге де әлеуметтік қорғау тетіктерінің сақталмауына әкелуі әбден мүмкін, - деді депутат.
Осы орайда Нұрайнаш Камалова тиісті министрліктерге келесі шараларды қабылдауды ұсынды:
1) клининг саласындағы жұмыспен қамтуға кешенді талдау жүргізіп, қызметкерлердің нақты саны туралы ресми статистикалық деректерді қалыптастыру;
2) клининг саласында кәсіби біліктілікті қалыптастыру және дамыту мәселесін қолға алу. Оның ішінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде тиісті мамандарды кәсіби оқыту және даярлау мүмкіндігін қарастыру;
3) саладағы бейресми жұмыспен қамтуды қысқартуға бағытталған кешенді шараларды әзірлеп, жұмысшының кәсіби мәртебесін арттырып, біліктілік жүйесін дамытып, ресми табысының өсуіне жағдай жасау.
- Клининг саласындағы мамандықтарды тиісті біліктілік талаптары мен кәсіптік оқыту мүмкіндіктері бар толыққанды жұмысшы мамандықтар ретінде тану мәселесін қарастыру маңызды. Сала қызметкерлерін қаржылық сауаттылық және әлеуметтік қолдаумен қамту керек. Сонымен қатар клининг саласы қызметкерлерінің қоғамдық мәртебесін арттыруға және олардың еңбегіне құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізу мүмкіндігін қарастыру қажет, - деді депутат.
Бұған дейін Қазақстанда мерекеден кейінгі клининг қызметінің құны қанша екенін жазған едік.