Қазақстанда мерекеден кейінгі клининг қызметі қанша
Жаңажылдық басқосулар аяқталып келеді, яғни қонақтарға, отбасына жайылған дастархан жиналды. Қазақстандықтардың көбі қаңтар айының алғашқы күні-ақ үйді жинау қызметінің құнын салыстырады. Мұнтаздай етіп тазалап беретін клининг компаниялардың ұсынысын қарайды. Жеңіл-желпі жинап шығатыны да, әр бұрышын тазалап беретіні де бар. Kazinform тілшісі аймақтардағы клининг қызметінің бағасын салыстырды.
Жаңажылдық мерекеден кейін клининг компаниялардың қызметіне сұраныс артады. Мереке алдындағы қарбалас, Жаңа жыл түніндегі басқосудан соң көп адам шаршап, үйді жинауды өз ісінің шеберлеріне тапсырады. Сөйтіп клининг компаниялардың бағасын салыстырады. Баға өңірлерге және жұмыс көлеміне қарай өзгеріп отырады.
Үй жинаудың үш түрі бар
Клининг компаниялар үй, кеңсе жинаудың үш негізгі түрін ұсынады. Әрқайсысының жұмыс көлемі мен ақысы әртүрлі.
Алғашқысы үйді қарапайым жинап шығу. Көпшілігі осы қызмет түрін таңдайды, яғни үйді жинап, еденін жуып, жуыну бөлмесі мен әжетхана ішін тазарту кіреді.
Үй ішін түбегейлі тазартатын қызмет түріне есік, терезе жуу, ас үй жиһазын тазарту, бөлме ішіндегі әр қуысты жинау кіреді.
Ал жөндеу жұмыстарынан кейін тазарту қызметі әдетте қымбатқа шығады. Себебі желім мен сырлау, әктеуден кейін тазарту үшін көп күш пен арнайы химиялық қоспалар керек.
Мұнайлы өлке мен мегаполисте баға жоғары
Еліміз бойынша ірі қалалар мен табысы жоғары өңірде қызмет құны қымбат.
Алматыда:
қарапайым жинау — 17 мыңнан басталып 220 мың теңгеге дейін;
толық тазалау — 32 мыңнан 700 мыңға дейін;
жөндеуден кейін — 1 млн теңгеге дейін.
Астанада:
қарапайым жинау қызметі — 19-270 мың теңге аралығында;
толық тазалау — 850 мың теңгеге дейін;
жөндеуден кейін — 900 мың теңгеге дейін.
Атырау мен Шымкентте де баға өзге өңірлерге қарағанда жоғары. Бұл қалаларда үйді толық жинау құны кейде 500 мың теңгеге шығады. Ал жөндеуден кейін 550-600 мың теңге төлеуге тура келеді. Баға сұранысқа және үй мен пәтердің, кеңсенің көлеміне қарай өсе береді және үнемі өзгеріп отырады.
Қызмет құнының бағасы орташа қалалар
Бұл санатқа Қарағанды, Павлодар, Өскемен, Семей, Тараз, Қостанай мен Ақтөбе кіреді. Осы қалаларда жеңіл-желпі жинап, еденін тазарту қызметінің бағасы орта есеппен 15-25 мың теңгеге шығады. Ал толық жинап берсе 28-40 мың теңге болады. Жөндеу жұмыстарынан соң тазарту қызметінің құны 250-500 мың теңге аралығында.
Мәселен Қарағанды қаласында үй немесе пәтер ішін толық тазартып берсе 40-150 мың теңге, жөндеуден кейін 500 мың теңге алады.
Баға басқаға қарағанда төмен қалалар
Өңірлер арасында Көкшетау, Петропавл, Ақтау, Орал, Талдықорған, Түркістан мен Жезқазғанда баға төмен.
Бұл қалаларда ылғалды жинау қызметінің бағасы — 10 000 — 20 000 мың теңге. Ал толық жинау қызметінің құны — 100 — 150 мың теңге. Сонымен бірге бұл қалаларда жөндеу жұмыстарынан кейін клининг қызметіне жүгінсеңіз, 150-300 мың теңге алады.
Жаңажылдық мерекеден кейін клининг қызметіне жүгіну бұл байлықтың емес, тез әрі артық күш жұмсамай қалыпқа келудің бір жолы. Қазақстанда өңірлер мен жинайтын пәтер, үйдің ауданына, қызмет түріне қарай баға 10 000 теңгеден басталып, миллионға дейін жетеді. Тұтынушы өз таңдауын жасайды. Уақыт пен ақшаны үнемдейді немесе екеуін де тең ұстап, ортақ әрі тиімді шешім қабылдайды.

Бұған дейін Аяз Ата мен Ақшақарды үйге шақыру қызметінің құны туралы жазғанбыз.
Сонымен бірге Жаңа жыл дастарханын жаюға қанша қаржы жұмсайтынымызды білдік.