Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен кездесуде депутат жастардың мемлекеттік басқару ісіне араласуы, заң шығару процесіне қатысуы және өз бастамаларын жүзеге асыру мүмкіндіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартудағы басты мақсат — оларды белгілі бір қызметке тағайындау емес, нақты шешімдер қабылдауға ықпал етуіне мүмкіндік беру.
Осы орайда депутат жастардың заң жобаларына қатысты ұсыныстары мен қоғамдық маңызы бар бастамаларын тікелей халық қалаулыларына жолдай алатынын атап өтті.
— Егер де бір салада ұсыныс-пікірлеріңіз болса, қандай да бір жобаларыңыз болса, бір заңға қатысты өздеріңіздің пікірлеріңіз болса, оны бізге жолдай аласыз. Бұл жерде де цифрландыруды атап өткен жөн. Өте жақсы портал бар — e-Otinish. e-Otinish-те қандай да бір өтініш жауапсыз қалмайды. Міндетті түрде кімге жолдадыңыздар, сол адамға түседі, сол өтініш қаралады және тиісті жауабын аласыз, — деді ол.
Ақерке Искандерова цифрландырудың өңірлердегі жастарға да жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде ауылда немесе аудан орталығында тұратын жастардың өз жобаларын ұсынып, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалануы үшін елордаға арнайы келуі міндетті емес.
— Мәселен, түрлі гранттық бағдарламалар мен жастарға арналған байқауларға электронды форматта қатысуға болады. Бұл шалғай елді мекендердегі жастардың да өз идеяларын жүзеге асыруына жол ашады, — деді спикер.
Депутат Президент Жолдауын тек мемлекеттік органдарға берілген тапсырмалар жиынтығы ретінде қабылдамау керектігін де еске салды. Оның пікірінше, құжатта көрсетілген басымдықтар әр азаматқа, соның ішінде жастарға өз саласындағы мүмкіндіктерді бағамдауға бағыт береді.
Сонымен қатар ол жастарды елдегі саяси өзгерістерге саналы түрде қатысуға, ұсынылған бастамаларды жан-жақты зерделеп, өзіндік пікір қалыптастыруға шақырды.
— Ол жерде енді бір популистік, тек қана әлеуметтік желіде сіздерге ұсынылған ақпаратты емес, өздеріңіз нақты мәтіндік форматта немесе толық нұсқасын тыңдап, әрі қарай саралап, өздеріңіз анализ жасауларыңыз керек. Себебі бұл жерде өздеріңіздің критикалық ойыңыз қосылу керек, — деді Ақерке Искандерова.
Құрылтай депутаты жастардың ел болашағына жауапкершілігі бүгіннен басталатынын да жеткізді.
— Бұрын да айтылатын: «Жастар — елдің болашағы, сіздердің уақыттарыңыз келеді» деп. Менің айтқым келетіні, жастардың уақыты — қазіргі сәт. Біздің бүгінгі қадамдарымыздан ертеңіміз жасақталады, — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Қазақстандағы жастар саны 6 миллионға жуықтады. Олардың баспана алуына, жұмысқа орналасуына, кәсіп бастауына және жаңа жобаларын жүзеге асыруына бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп жатыр.