Құрылтай халықаралық жүк тасымалын дамытуға арналған құжатты қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияға (ЖТШК) электрондық жүкқұжатқа қатысты қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы екі оқылымда қаралып қабылданды.

Фото: Видеодан скрин

Құжат 2008 жылғы 20 ақпанда Женева қаласында қабылданған. Қосымша хаттама деректерді электрондық тіркеу және өңдеу технологияларын пайдалана отырып, жүкқұжаттарды электрондық форматта рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл халықаралық жүк тасымалы саласын цифрлық құжат айналымына көшіруге жол ашады.

- Қазіргі уақытта құжаттар Конвенцияға сәйкес қағаз түрінде беріледі. Қосымша хаттама қабылданған кейін, оларды министрліктің қолданыстағы ақпараттық жүйелері арқылы электрондық форматта қолдануға мүмкіндік береді. Е-CMR қолдану қорғалған байланыс каналдармен көзделген және цифрлық қолтаңбамен расталатын болады. Бұл жүйені енгізу құжаттарды рәсімдеуге кететін бизнес шығындары мен әкімшілік кедергілерді азайтуды, сондай-ақ тасымалдау процесіне қатысушылар мен уәкілетті органдар арасында жедел ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді, - деді ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров.

Осы орайда ол қазір Еуропа елдері электронды құжаттарды белсенді түрде қолданып жатқанын айтты. Себебі ол жүктердің жеткізуін нақты уақытта бақылауға мүмкіндік береді.

- Қазақстанның Хаттамаға қосылуы автомобиль тасымалын цифрландыруға және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жолдауында көлік саласын, соның ішінде халықаралық бағыттарды электрондық жүйеге көшу қажеттілігін атап өтті. Қазақстан Кедең Одағы аясында аталған жобаны жүзеге асыруға кірісті. Осы жылдың 15 қазанында Қазақстан-Ресей бағыты бойынша электрондық жүкқұжаттарды пайдалана отырып, автотасымалдау жөніндегі алғашқы пилоттық жоба іске қосылды. Бұл тасымалдау саласындағы цифрлық өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтуге негіз болады. Электрондық құжаттарды енгізу тәжірибесі оң нәтиже көрсетті. E-permit жүйесінің арқасында осы жылдың 9 айында сыртқы тасымалдау көлемі 28%-ға өсті. Жалпы, электрондық жүкқұжатқа көшу еліміздің көлік дәліздерінің тартымдылығын арттырады, - деді вице-министр.

Сонымен қатар ол аталған Хаттаманы ратификациялау республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейтінін айтты.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда жүк тасымалдаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін шекарадағы өткізу пункттері жаңғыртылып, халықаралық автодәліздер бойындағы сервистік инфрақұрылым дамиды.