Құрылтай сайлауы: «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында қандай мәселелер қамтылған

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі өтті. Онда партияның сайлауалды бағдарламасы және Құрылтай сайлауына қатысатын 186 кандидаттың тізімі бекітілді. «Әділеттің» сайлаушыларға таныстырған бағдарламасындағы жоба-жоспарлар мен мақсат-міндеттерге шолу жасадық.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Жиында партия төрағасы Айбек Дәдебай мәлімдеме жасап, ең алдымен жаңа Конституцияның мән-маңызына тоқталды.

– Биыл шілдеден бастап Қазақстан жаңа Конституциялық дәуірге қадам басты. Бұл Конституция мемлекеттік құрылысты заман талабына сай өзгерткен құқықтық іргетасқа, тәуелсіз Қазақстан дамуының өзгеше дәуірін айқындаған тарихи таңдауға айналды. Ол азамат пен мемлекет арасындағы қоғамдық келісімді үйлесімді негізде қайта орнықтырып, әділеттілікке, заң үстемдігіне, адамның қадір-қасиетіне және жауапты мемлекеттік басқаруға сүйенетін тың саяси жүйенің негізін қалады, – деді Айбек Дәдебай.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Оның сөзінше, жаңа Ата заңдағы нормалар саяси партиялардың да жауапкершілігін күшейтті. Өйткені Конституция Қазақстанның береке-бірлік пен ортақ мүддеге ұйыған, бейбіт жолды қалайтын, адам мен оның өмірін ең қымбат құндылық санайтын, өркениетке ұмтылған мемлекет екенін анықтап берді. Айбек Дәдебайдың айтуынша, ендігі басты міндет – жаңа Конституцияның алтын өзегі болып отырған осы қағидаларды күнделікті өмірдің өмір салтына айналдыру. Әділетті сот, тиімді мемлекет, адал экономика, жауапты азаматтық қоғам, еңбек пен білім жоғары бағаланатын орта – мұның бәрі Конституцияның өмірдегі көрінісі болуы тиіс.

– Осы тарихи өзгерістердің табысты жүзеге асуы саяси партиялардың да жаңа жауапкершілігін талап етеді. «Әділет» партиясы міне, осы тарихи міндетті жүзеге асыратын саяси күштердің бірі ғана емес, бірегейі болатындығына біз кәміл сенеміз, – деді «Әділет» партиясының төрағасы.

Фото: Kazinform

Оның мәлімдеуінше, партия болмысын ұрандар емес, іс-қимыл жоспарын қамтитын бағдарламасы айқындайды.

– Бүгін біз Қазақстанның алдағы 5 жылдық келешегінің келбетін сипаттаған сайлауалды бағдарламамызды қабылдадық. Біз үшін партияның бұл тұжырымдамалық құжаты – әсте жалаң уәделер емес. Бұл – жаңа кезеңде іске асатын жұмыстың ауқымын, сапасы мен сипатын анықтайтын кешенді іс-қимыл жоспары. Билікке ұмтылған кез келген саяси күш, ең алдымен, «Біз елді қайда бастаймыз және оған қалай жетеміз?» деген сұраққа жауап беруі тиіс. Бүгін ұсынылып, сіздер қолдаған бағдарлама дәл осы сұрақтарға толық жауап береді деп санаймыз, – деді Айбек Дәдебай.

Оның сөзінше, партия бағдарламасы нақты нәтижеге бағытталған. Толығырақ айтқанда, орта бизнестің үлесін арттыру, бір миллион сапалы жұмыс орнын құру, тұрғын үймен қамтуды ұлғайту, сапалы білім мен денсаулық сақтауды қолжетімді ету, өмір сүру ұзақтығын арттыру, жасанды интеллект дағдыларын миллиондаған азаматқа үйрету сияқты күнделікті өмірмен өлшенетін міндеттер қойылды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен бірге, бұл бағдарлама – мемлекеттің азаматқа не беретіні туралы ғана емес, қоғамның да жауапкершілігін анықтайтын құжат. Әділ мемлекет әділетті қоғамсыз құрылмайды.

– Заңға бағынатын азаматсыз заң үстемдігі орнай алмайды. Еңбекқор адамсыз қуатты экономика қалыптаспайды. Білімге ұмтылмаған қоғам инновациялық мемлекетке айналмайды. Өз елінің болашағына жауапкершілікпен қарамаған халықтың ертеңі баянды болуы екіталай. Сондықтан біз қабылдаған бағдарламаның түпкі идеясы – мемлекет пен қоғам және жеке азаматтың жаңа үйлесімді серіктестігі, – деді партия төрағасы.

Цифрлық даму Қазақстанның келешегін айқындайды

Съезде партия Саяси кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және мемлекеттік қызметтерді жетілдіру бағыттарындағы мақсат-міндеттерді таныстырды.

Оның сөзінше, цифрландыру барлық саладағы қайта құрудың негізгі құралы болуы тиіс.

– Басты мәселе – технологиялардың өзінде емес, саладағы жетекшінің цифрлық трансформацияға деген қызығушылығы. Содан кейінгі негізгі фактор – барлық үдерістердің ашықтығы, – деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар, партия тек қазіргі үдерістерді талдауға бастамашы болып қана қоймай, мүшелерінің сарапшылық әлеуетін пайдаланып, жобаларды жетілдіруге де қатысуы керек.

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының ықпалын күшейтумен айналысамыз. Мысал ретінде Е-өтініш плаформасы едәуір ашықтықты қамтамасыз еткенін атауға болады. Енді оған толыққанды жасанды интеллект құралдарын енгізіп, одан әрі дамытамыз. Өңірдерде және елді мекендерде қандай мәселелер бар екенін зерттеуге ЖИ көмектеседі. Бірақ осы бағыттағы өзгерістер еліміздің барлық азаматына жетуі керек. Ол үшін инфрақұрылым маңызды. Түкпір-түкпірдегі елді мекендерге сапалы ғаламтор жеткізу қажет. Технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстанды дүниежүзілік технологиялық картаға енгізу мақсатында «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» құрып жатырмыз, – деді Бағдат Мусин.

Сонымен бірге, ол цифрлық даму Қазақстанның келешегін айқындайтынын атап өтті.

Әлеуметтік жүйеге ерекше назар аударылды

Партия саяси кеңесінің тағы бір мүшесі Динара Зәкиева сайлауалды бағдарламадағы әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Оның сөзінше, бұл салаға айрықша мән берілген.

– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Бұл Конституцияда бекітілген және іс жүзінде де дәлелденіп келеді. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттің әрбір бесінші теңгесі әлеуметтік қажеттіліктерге бағытталады. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдармасында әлеуметтік жүйеге ерекше назар аударылды, – деді Динара Зәкиева.

Оның сөзінше, ең алдымен, әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға көрсету керек. Ол бұл бағыттағы қолдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай цифрлық платформаны қолдануды ұсынды.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Сонымен қатар, әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты – отбасылар мен азаматтарға өзін-өзі асырауға көмектесу. Сол себепті, Динара Зәкиева әр отбасымен жеке жұмыс жүргізіп, азаматтарды жұмыспен қамту қажеттігін атап өтті.

– Екіншіден, негізгі басымдық – отбасы мен балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету. Елімізде 6 млн отбасы және 7 млн-ға жуық бала бар. Мемлекет басшысының бастамасымен осы салада маңызды реформалар жүзеге асырылып жатыр, 11 заң қабылданды. Соның нәтижесінде, қиын жағдайлардың алдын алу және қолдау көрсету үшін кешенді жүйе құрылды. Атап айтқанда, өнірлердегі әр аудан әкімдіктерінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды, психологиялық қолдау орталықтары және 111 бірыңғай мемлекеттік сенім телефоны ашылды, балалар ұйымдарын лицензиялау енгізілді, – деді ол.

Динара Зәкиева аталған механизмдерді жетілдіруді, жаңа стандарттар мен тәсілдер енгізуді, қолданылатын цифрлық құралдарды нығайтуды және eGov платформасында балаларға арналған цифрлық маршрут құруды ұсынды.

– Сонымен қатар осы жылы «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама аясында 158 іс-шара көзделген. Олардың әрқайсысы нақты мәселені шешуге бағытталған. Мысалы, балалар ауруханаларын қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, барлық өңірде балалардың қоғамдық көлікте тегін жүруі, психологтар мен қорғаншылық органдарының жалақысын арттыру, балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту және жақсарту т.б. мәселелер қарастырылған, – деді ол.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Құрылтайға кандидаттың сөзінше, партияның міндеті – «Қазақстан балалары» бағдарламасын сапалы түрде орындау.

Бұлардан бөлек, Динара Зәкиева мүгедектігі бар азаматтарға және зейнеткерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларына тоқталып, ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, бұған дейін «Әділет» партиясында мүшелік жарнаның көлемі айқындалғанын жазғанбыз.