Құрылтай сайлауы: «Әділет» партиясының тізімі тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық сайлау комиссиясы «Әділет» партиясының ұсынылған партиялық тізімін тіркеді.

Фото: Адиль Нуртазин / Kazinform

ОСК төрағасының орынбасары Ерман Мұхтардың айтуынша, партиялық тізімге 186 кандидат ұсынылған.

— Партиялық тізімдегі 88 кандидат — әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Бұл жалпы тізімнің 47,3 пайызын құрайды. Осылайша заңда көзделген квота талаптары сақталды, — деді ол.

Оның мәліметінше, комиссияның сауалдары негізінде құзыретті мемлекеттік органдар партиялық тізімге енгізілген азаматтардың Қазақстан Республикасы Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін тексерді.

Сондай-ақ ОСК-да «Әділет» жасылдар партиясы қоғамдық бірлестігі партиялық тізімге енгізілген барлық кандидаттар үшін заңнамада белгіленген сайлау жарнасын толық көлемде төлегені айтылды.

Кеше «Байтақ» жасылдар партиясының тізімі тіркелген еді.