Оның айтуынша, «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабына сәйкес, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысуға құқылы.
- Пікірсайыстарды өткізудің негізгі қағидаттарының бірі - барлық қатысушы үшін тең жағдай жасау. Оларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі қандай да бір саяси партияға немесе оның кандидаттарына артықшылық бермеуге тиіс. Сайлау алдындағы пікірсайысар сайлау заңнамасының талаптарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен бекітілген Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу тәртібі мен шарттарына сәйкес өткізіледі. Осыған байланысты сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарды өткізу алаңын, форматы мен шарттарын айқындау бойынша қажетті ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысы бойынша қорытынды пікірсайыстарды өткізу алаңы ретінде «Хабар» агенттігі» АҚ-ның «24KZ» телеарнасы айқындалды, - деді Ләззат Сүйіндік.
ОСК мүшесінің атап өтуінше, «24KZ» телеарнасын таңдау оның техникалық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктеріне, сондай-ақ ақпаратты кең ауқымда тарату мүмкіндігіне байланысты. Бұл дебаттардың толыққанды телевизиялық трансляциясын қамтамасыз етіп, оны барынша көп сайлаушының көруіне мүмкіндік береді.
- Сайлау алдындағы қорытынды пікірсайысты 2026 жылғы 19 тамызда «24KZ» телеарнасында өткізу жоспарланған. Сонымен қатар сайлау алдындағы пікірсайысты өткізу регламенті әзірленді. Регламентте пікірсайысты өткізу тәртібі, қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар, сөз сөйлеу кезектілігі, эфир уақытының ұзақтығы және басқа да ұйымдастырушылық мәселелер айқындалған. Телепікірсайысты 4 раундта өтікізу ұсынылады. Әр раундтың өз міндеті мен форматы белгіленген. Бірінші раунд - «Партияны таныстыру». Екінші раунд - «Оппоненттерге сұрақтар». Үшінші раунд - «Көрермендерден сұрақтар». Төртінші раунд - «Сайлаушыларға үндеу». Бүгінгі таңда тіркелген 7 партияның барлығы телевизиялық пікірсайысқа қатысатынын растады. Барлық партияның төрағалары пікірсайысқа қатысады, - деді ОСК мүшесі.
Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысында сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруға жағдай жасауға қатысты практикалық мәселелер талқыланған еді.