Құрылтай сайлауы: Маңғыстауда сайлаушылар тізімі нақтыланып жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM – 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына Маңғыстау облысында дайындық жұмыстары жалғасып жатыр.

Фото: Kazinform

Облыстық сайлау комиссиясының мәліметінше, өңірде 8 аумақтық сайлау комиссиясы және 267 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Оның ішінде 255 сайлау учаскесі азаматтардың тіркелген мекенжайы бойынша, ал 12-сі ауруханаларда, әскери бөлімдерде, өндірістік кәсіпорындарда және тергеу изоляторында орналасқан.

Биыл сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 11 жаңа сайлау учаскесі ашылды. Оның төртеуі Ақтауда, біреуі Жаңаөзенде, үшеуі Мұнайлы ауданында және үшеуі Түпқараған ауданында орналасқан. 

Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 452 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Оның ішінде Ақтауда – 177 315, Жаңаөзенде – 84 672, Мұнайлы ауданында – 90 228 адам дауыс беру құқығына ие. Сайлаушылар тізімін нақтылау жұмыстары жалғасып жатыр.

Сайлау науқанына дайындық аясында облыстағы 1885 сайлау комиссиясы мүшесінің барлығы арнайы оқытудан өтеді. Оқыту 22 тамызға дейін жалғасады. 

Сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін өңірде 7 қоғамдық бірлестік бақылаушы ретінде аккредитациядан өткен. Бұдан бөлек, Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген республикалық деңгейдегі 11 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйымның бақылаушылары да сайлау барысын қадағалай алады.

Сондай-ақ партиялық тізім ұсынған саяси партиялар әрбір сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын сенім білдірілген өкілдерін тіркеуге құқылы. Маңғыстау облысындағы 255 тұрақты сайлау учаскесін ескерсек, әрбір саяси партия өңір бойынша 765 сенім білдірілген адамға дейін тіркей алады.

Бұған дейін, Аты аңызға айналған актер Джеки Чанның Маңғыстауға келгенін жазған болатынбыз.