Құрылтай сайлауында 4 миллионға жуық жас дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай сайлауында 4 миллионға жуық жас дауыс берді. Сайлау алдында жүргізілген әлеуметтану сауалнамаларында қазақстандық жастардың 60%-дан астамы дауыс беруге дайын екенін айтқан. Бұл туралы Jastar X диалог алаңында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Талдау және ақпарат орталығы» РМК директоры Михаил Комиссаров мәлім етті.

Фото: Kazinform

Оның айтуынша, биылғы сайлау науқаны жастардың белсенді қатысуымен ерекшеленді.

Сарапшының сөзінше, жастардың сайлауға қатысуға дайындығы дауыс беру нәтижесінен де байқалды.

— Нақты дауыс бергендерге келсек, олардың 4 миллионға жуығы — жастар, — деді ол.

Михаил Комиссаров дауыс беру нәтижесі қазақстандық жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді араласып, ел болашағына ықпал етуге ұмтылатынын көрсететінін атап өтті.

— Қазіргі жастар әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, азаматтық санасы қалыптасқан. Сондықтан жас ұрпақтың саяси үдеріске қатысып, ел болашағына қандай да бір деңгейде ықпал етуге, мемлекетіміздің даму бағыттарын айқындауға ұмтылуы заңды, — деді сарапшы.

Оның айтуынша, сайлауға алғаш рет дауыс берген 18 жастағы азаматтармен қатар, 25 пен 35 жас аралығындағы жастар да қатысты.

Еске салайық, Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтті.

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, сайлауда 9 351 539 адам дауыс берді. Бұл -  сайлаушылардың жалпы санының 74,08%-ы.

Сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайға бес саяси партия өтті.