Құрылтай сайлауында алғаш болып Сеулдегі қазақстандық студент дауыс берді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының азаматтары Құрылтай депутаттарын сайлауына бірінші болып Кореяда жүзеге асырды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Фото: ҚР СІМ

Сеулдегі сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова өз таңдауын жасады.

— Мен Кореяда үш жылдан бері тұрып, қазіргі уақытта Корея университетінде білім алып жүрмін. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің болашағына қатысты маңызды қоғамдық-саяси үдерістерден тыс қалмауға және өз үлесімді қосуға тырысамын, — деді Ажар Кәрімжанова.

Оның айтуынша, сайлауға қатысу — әр азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілігі мен парызы.

— Біздің таңдауымыз еліміздің болашағына тікелей әсер етеді. Бүгін қабылданатын шешімдер ертеңгі Қазақстанның даму бағытын айқындайды. Сондықтан жастардың өз пікірін білдіріп, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуы өте маңызды, — деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Бүгін 03:00–де Сеул (Оңтүстік Корея) мен Токиода (Жапония) сайлау учаскелері ашылды.

Еске салсақ, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойды.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына қатысатын 7 саяси партияның тізімдерін тіркеді. 145 депутаттық мандатқа 545 кандидат үміткер болып отыр.