Құрылтай сайлауында елордалық учаскелер қалай жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай сайлауында елордада 517 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның үшеуі жұмысын таңғы сағат 06-00-де бастайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Астана аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бейсенбай Жұмабеков айтты.

Фото: Kazinform

- Астана қаласында 517 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 3 сайлау учаскесінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 06-00- басталады. Дауыс беру басталатын уақыттың өзгертілгені туралы аумақтық сайлау комиссияларының шешімі сайлаушыларға жеткізілді. Қала бойынша әскери бөлімдерде, стационарлық емдеу ұйымдарында, қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде құрылған 35 сайлау учаскесінде, сонымен қатар Қазақстанның шет мемлекеттердегі өкілдіктерінің жанынан құрылған 79 сайлау учаскесінде егер сайлаушылар тізіміне енгізілген барлық азамат дауыс берсе, учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беруді кез келген уақытта аяқталды деп жариялай алады, - деді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Оның мәліметінше, аталған сайлау учаскелерінің тізімі тиісті сайлау комиссиясының шешімімен бекітілген. Сайлаушыларға дауыс беру уақыты мен орны туралы хабарлар жеткізіліп жатыр.

- Шақыру қағаздарының 1 млн 14 817 данасы белгіленген бірыңғай форматта дайындалды. Учаскелік комиссиялар сайлаушыларға шақыруларды мекенжайлары бойынша жеткізіп жатыр. Мұнан басқа, сайлау учаскесінің мекенжайы мен телефон нөмірі көрсетілген ақпараттық плакаттың 100 мың данасы көпқабатты үйлердің кіреберістеріне ілінді, - деді Бейсенбай Жұмабеков.

Бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысында сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруға жағдай жасауға қатысты практикалық мәселелер талқыланған еді.