Құрылтай жанынан Қоғамдық палата құрылды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін I шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының жанынан Қоғамдық палата құрылды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Расында, азаматтық қоғаммен және сараптамалық қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасау заң шығару ісінің, жалпы депутаттық жұмыстың маңызды бөлігіне айналған. Мұндай тәжірибе көптеген шақырылымдар бойы қалыптасты. Соңғы жылдары бұл жұмысты Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мен Сенат жанындағы Сарапшылар клубы жүйелі жүргізді. Аталған алаңдар жемісті диалогқа, құжаттарды мұқият пысықтауға жол ашып, өзінің қажеттілігін көрсетті. Олар парламенттік жұмысқа беделді сарапшыларды, ғалымдарды, қоғам қайраткерлерін, үкіметтік емес сектор өкілдерін тартуға мүмкіндік берді. Олармен бірге заң жобалары мен қоғамды толғандырған өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды. Мемлекет басшысы бұл диалог алаңдарының жұмысына жоғары баға беріп, олардың заң жобаларын мазмұнды талқылауға және жан-жақты сараптамадан өткізуге ықпал еткенін атап өтті. Сондықтан бүгінде осы алаңдар аясында жинақталған озық тәжірибені сақтап, бұл жұмысты ары қарай Құрылтай қызметі аясында жалғастырып, оны жаңа деңгейге көтеру маңызды. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қазіргі таңда қоғамдық палаталар институты кеңінен дамыған, - деді депутат Айдос Сарым Құрылтайдың жалпы отырысында.

Оның пайымынша, дәл осындай бірлестіктер азаматтар мен билік арасындағы сенімді көпір қызметін атқарып, қоғамның нақты сұраныстары мен ұстанымдарын нақты көрсететін маңызды индикаторға айналып отыр. Осыған байланысты Қоғамдық палата депутаттардың сарапшылармен, ғылыми қауымдастықпен, азаматтық қоғам, кәсіби бірлестіктер және өңірлер өкілдерімен тікелей диалог жүргізетін тұрақты жұмыс алаңына айналуға тиіс. Палатаның негізгі міндеттерінің бірі – заң жобаларына қоғамдық және сараптамалық зерделеу жүргізу болуы керек. Бұл ең маңызды заңнамалық бастамалар бойынша балама ұстанымдарды, кәсіби бағалауларды, ықтимал ескертулер мен ұсыныстарды алдын ала ескеруге мүмкіндік береді.

- Осы ретте Қоғамдық палатаның Құрылтайдың тұрақты комитеттерімен өзара байланысы айрықша маңызды. Сарапшылар заң жобаларын талқылау процесіне тікелей қатысып, депутаттармен бірлесіп жұмыс істеуге, нақты ұсыныстар енгізуге мүмкіндік алуға тиіс. Осылайша, сындарлы идеялар одан әрі заң шығару процесі аясында қаралатын болады. Сонымен бірге Палатаның жұмысы тек заң жобаларымен шектелмеуге тиіс. Оның алаңында қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың ең өзекті мәселелерін талқылау қажет. Ең алдымен, бұл – кәсіби сараптаманы, ашық пікірталасты және қоғаммен кері байланысты қажет ететін мәселелер. Сондықтан Палата құрамында кең ауқымды өкілдікті қамтамасыз ету маңызды. Құрылтай жанындағы Қоғамдық палатаны 50 адамнан құру ұсынылады. Оның құрамына барлық саяси партиялар фракцияларынан Құрылтай депутаттарын, азаматтық қоғам мен сарапшылар қауымдастығының, үкіметтік емес және кәсіби ұйымдардың, өңірлердің өкілдерін, сондай-ақ түрлі салалардың мамандарын енгізу ұсынылады. Қажет болған жағдайда, жекелеген мәселелер мен салалық тақырыптарды талқылауға беделді ғалымдарды, сала мамандарын, мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін қосымша тартуға болады. Бұл Палатаның сараптамалық әлеуетін арттыра түседі, - деді депутат.

Жалпы отырыста депутаттар Қоғамдық палата құру туралы ұсынысты қолдады.

Бұдан бұрын хабарланғандай бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Дүниежүзілік сауда ұйымына қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды