- Бүгінде Қазақстанда 6 миллионға жуық жас азамат тұрады. Жастар қоғамдық өмірге белсенді араласып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып, жаңа идеялар ұсынып, еліміздің дамуына қатысты өзекті мәселелерді шешуді ұсынады. Сонымен бірге бұл бастамалардың әлеуеті әрдайым толық жүзеге аса бермейді. Олардың көпшілігі жеке-жеке қалып, республикалық деңгейге шығу үшін қажетті қолдауға ие болмай отыр. Осыған байланысты жас азаматтардың бастамаларын біріктіруге, оларды жүйелі түрде ілгерілетуге және жастардың Құрылтаймен тікелей байланысын жолға қоюға мүмкіндік беретін тұрақты диалог алаңын құру қажеттігі туындады, - деді күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша баяндама жасаған депутат Дана Медеуова.
Осы ретте ол мұндай тетіктердің бірі ретінде Құрылтай жанынан Жастар кеңесін құруды ұсынды. Кеңестің басты миссиясы белсенді, бастамашыл және жасампаз жастарды біріктіру, олардың елдің қоғамдық өміріне етене араласуына жағдай жасау және жас ұрпақты ел дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге тарту болмақ. Кеңес құрамына Құрылтай депутаттарын, жастар ұйымдары мен бірлестіктерінің өкілдерін, өңірлердегі белсенділерді, сондай-ақ түрлі кәсіби саладағы жас мамандарды енгізу ұсынылады.
Өңірлердің кеңінен өкілдік етуіне де ерекше назар аудару көзделген. Шағын қалалардағы, ауылдық елді мекендердегі және шалғай аудандардағы жастардың үні ірі қалалар жастарының бастамаларымен қатар жалпыұлттық деңгейде естілуі маңызға ие.
Кеңес жұмысының жеке бір бағыты халықаралық жастар ынтымақтастығын дамытуға, қазақстандық жастардың мүдделерін білдіруге және олардың бастамаларын халықаралық алаңдарда ілгерілетуге арналады. Бұл ретте кеңес кездесулер өткізіп, өзекті мәселелерді талқылаумен ғана шектелмеуі керек. Оның негізгі міндеті – жастар бастамаларын заң шығару күн тәртібіне енгізуге, оларды сараптамалық тұрғыдан қарауға және одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік беретін қоғамдық қатысудың пәрменді институтына айналу, - деді Дана Медеуова.
Айта кетейік, Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.