Балалар қауіпсіздігі мен онлайн-платформалар: Құрылтай жаңа заң жобасын мақұлдады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Құрылтай отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бірінші оқыымда мақұлданды.
Депутат Жанарбек Әшімжанның айтуынша, заң жобасы мыналарды көздейді:
– жедел хабарлар сервистерін қоспағанда, пайдаланушыларды әлеуметтік желілерде 16 жасқа дейін тіркеуге тыйым салу;
– онлайн-платформалардың өкілдіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен міндетті есептік тіркеу;
– аудиовизуалды платформа ұғымы және олардың операторлары қызметінің тәртібі енгізіледі;
– уәкілетті органға 5 мыңнан астам жазылушысы, аудиториясы бар онлайн-платформаларда пайдаланушылар тізілімін жүргізу құзыреті беріледі;
– онлайн-платформаларда пайдаланушылардың білім беру курстарын немесе белгілі бір саладағы оқыту материалы бар контентті тарату кезінде осындай контентті диплом немесе сертификат мәліметтерімен, тиісті білімнің бар екендігі туралы хабарламамен сүйемелдеу міндеті белгіленеді;
– «оккульттік қызметтер» ұғымы енгізіледі, яғни табиғаттан тыс, паранормальды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеттер туралы мәлімдемелерге негізделген қызметтер. Бұл ретте осы қызметтер туралы контент оның ойын-сауықтық сипаты және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағаны туралы ескертумен сүйемелденуге тиіс;
– интернет-басылымды есепке қою немесе қайта есепке қою кезінде қорлау сипатындағы элементтері бар оның домендік атауын және БАҚ атауын пайдалануға жол бермеу бөлігінде БАҚ үшін талаптар белгіленеді;
– мемлекеттік органның ресми жауаптарын бұқаралық ақпарат құралдарының таңбалауды жүзеге асыру міндеті де бар;
– телерадиоарналарды еркін қол жеткізілетін телерадиоарналар тізбесіне енгізген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде олардың хабар таратуды ұйымдастыру жөніндегі міндеттерін қарастыру көзделген;
– заңға қайшы контентті таратқаны үшін онлайн-платформалардың әкімшілік жауапкершілігін заңнамалық бекіту бар;
– уәкілетті органның Қазақстан Республикасының аумағындағы онлайн-платформада құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі нұсқамаларын онлайн-платформа өкілдігінің орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген;
– бұқаралық ақпарат құралдарында және онлайн-платформаларда балағат сөздер айтқаны үшін жауапкершілік бар;
– масс-медиа және онлайн-платформалар саласындағы салалық заңнаманы қолданыстағы нормаларына сәйкес келтіру қарастырылған.
Ал депутат Александр Даниловтың айтуынша, цифрлық әлем күн сайын өзгеріп отырады және заңнама осы сын-қатерлерге жауап беруі тиіс.
- Жаңа заң жобаларының басты мақсаты – интернетте тәртіп орнату, заңдарды заманауи медианы дамытуға бейімдеу және азаматтарды қауіпті мазмұн мен алдаудан қорғау. Ақпараттық кеңістік өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғандықтан, ол да шынайы өмірдегідей қауіпсіз әрі реттелген болуы керек, - деді ол.
Заң жобалары желінің барлық мүшесі үшін ашық ережелерді белгілейді және бірнеше негізгі қадамды қамтиды Атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігі. 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге әлеуметтік желілерде тіркелуге тыйым салынады. Бұл ретте ата-аналарымен және достарымен байланысуға арналған кәдімгі мессенджерлер оларға толық қолжетімді болып қалады.
Платформалардың Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауы. Шетелдік әлеуметтік желілер мен бейнесервистер елімізде ресми өкілдіктерін ашуға міндетті болады. Заңға қайшы материалдарды тарату және мемлекеттік органдардың талабы бойынша тыйым салынған ақпаратты жоюдан бас тартқаны үшін платформаларға әкімшілік жауаптылық енгізіледі.
Бейнесервистер мен ірі блогерлерге арналған ережелер. Заң стримингтік платформалардың жұмысына қатысты стандарттарды нақты айқындайды. Сонымен қатар белгілі бір парақшалар мен арналардың ресми тізілімін енгізу ұсынылады.
Жалған сарапшылардан қорғау. Интернетте оқыту курстарын әзірлейтін және сататын авторлар өз біліктілігін дипломмен немесе сертификатпен растауға міндетті болады. Пайдаланушылар спикердің нақты білімі бар-жоғын анық білуі керек.
Эзотерика саласындағы ашықтық. Оккульттік қызметтердің ресми ұғымы енгізіледі. Бал ашу және табиғаттан тыс тәжірибелер туралы кез келген контентке немесе жарнамаға оның ғылыми дәлелі жоқ, тек ойын-сауық сипатындағы ақпарат екені туралы нақты белгі қою ұсынылады.
- Бұқаралық ақпарат құралдарына қорлайтын атаулар мен домендік атауларды қолдануға тыйым салынады. Ал жаңа тегін теле- және радиоарналар рұқсат алғаннан кейін бір ай ішінде эфирге шығуға міндеттеледі. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын арнайы белгілеу ұсынылады. Заң жобасында БАҚ пен онлайн-платформаларда балағат сөздер қолданғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл заң жобасын қабылдау уақтылы әрі қажетті қадам деп есептеймін. Ол заңсыз контенттің таралуын азайтуға, балаларды интернеттегі қауіп-қатерден қорғауға, азаматтарды алаяқтардан сақтауға және еліміздің әрбір тұрғыны үшін қауіпсіз әрі әділ цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деді депутат.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев заң жобаларының негізгі бағыттарын атаған еді.