16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салынбақ – Құрылтай заң жобаларын талқылап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейту, балаларды зиянды контенттен қорғау және цифрлық кеңістіктегі азаматтардың құқықтарын сақтау көзделіп отыр.
Осы мақсатта 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуіне тыйым салу, 5 мыңнан астам жазылушысы бар аккаунттарды сәйкестендіру және платформаларға Қазақстанда заңды өкілдік ашу міндетін жүктеу ұсынылады.
Бұл туралы Құрылтай отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев айтты.
Министрдің айтуынша, медиакеңістікте жаңа сын-қатерлердің пайда болуы заңнамалық базаны уақытылы жетілдіруді талап етеді. Әсіресе, онлайн ортада деструктивті контенттің таралуы мен заңға қайшы әрекеттердің көбеюі өзекті мәселеге айналған.
Осыған байланысты онлайн-платформалардың жауапкершілігін арттыруға және заңға қайшы контенттің таралуын азайтуға бағытталған екі заң жобасы әзірленді. Олар – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары.
Арман Қырықбаев заң жобаларында көзделген негізгі жаңашылдықтарды төрт бағытқа бөліп қарастыруға болатынын атап өтті.
- Бірінші. Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – онлайн-платформалардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтауын қамтамасыз ету. 2026 жылдың 10 айындағы мониторинг нәтижелері бойынша платформаларда заңға қайшы 128 мыңнан астам материал анықталды. Алайда олардың тек қана 70 пайызы өшірілді. Бұл платформалардың заңнама талаптарын орындау жауапкершілігін күшейту қажеттігін көрсетеді, - деді ол.
Оның айтуынша, ең алдымен платформалардың Қазақстан Республикасының аумағында заңды тұлға нысанындағы өкілдіктерін ашу жөніндегі талапты заңнамалық тұрғыдан бекіту ұсынылады. Сонымен қатар платформа иесі мен оның өкілдігі заңға қайшы контентті немесе балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөніндегі уәкілетті органның нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылады. Бұдан бөлек, заң жобаларында 5 мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылар мен жария қауымдастықтарды сәйкестендіру тетігі де көзделген.
16 жасқа толмаған балалардың тіркелуіне шектеу қойылады
Министрдің атап өтуінше, екінші бағыт аясында цифрлық ортада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
- Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуі іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады, - деді министр.
Арман Қырықбаевтың сөзіне қарағанда, платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушылардың жасын тексеру шараларын қабылдауға міндетті болады. Бұл ретте тыйым тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Онлайн кинотеатрлардың қызметі заңмен реттеледі
Үшінші бағыт аудиовизуалды контентті тарату саласын қамтиды. Бүгінде телевизиялық және өзге де аудиовизуалды контент дәстүрлі телерадио хабарларын тарату арқылы ғана емес, онлайн кинотеатрлар сияқты түрлі платформалар арқылы да таралады. Алайда қолданыстағы заңнама негізінен телерадио арналарды таратудың дәстүрлі тәсілдерін реттейді.
- Осыған байланысты аудиовизуалды платформалар мен онлайн кинотеатрлардың қызметін заңнамалық тұрғыдан реттеу ұсынылады. Атап айтқанда, аудиовизуалды платформа арқылы телерадио арналарды тарату лицензия негізінде жүзеге асырылып, ал онлайн кинотеатрлар еліміздің аумағында заңды өкілін айқындауға міндетті болады, - деді ол.
Мемлекеттік органдардың ресми жауабына арнайы белгі қойылады
Төртінші бағыт ақпарат кеңістігіндегі ресми ұстаным мен журналистік материалдың мазмұнын ажыратуға қатысты. Ақпарат кеңінен таралатын қазіргі жағдайда мемлекеттік органның ресми жауабы мен журналистік материалдың мазмұнын нақты ажыратудың маңызы артып отыр. Осы мақсатта мемлекеттік органдардың жауаптарын БАҚ-та жариялау кезінде арнайы белгі қою ұсынылады.
Сонымен қатар заң жобасында онлайн ортада азаматтардың ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделін қорғау мәселесіне де назар аударылған. Бүгінде мұндай құқықтарға нұқсан келтіретін мәліметтер мен жала жабу әлеуметтік желілер арқылы кең аудиторияға таралуы мүмкін.
- Осыған байланысты заң жобасында теріске шығаруды ар-намыс пен қадір-қасиетке нұқсан келтіретін мәліметтер таратылған сол ақпарат көзінде, оның ішінде әлеуметтік желілерде де орналастыру көзделеді. Сондай-ақ масс-медиа мен платформаларда балағат сөздер қолданғаны және платформаларда жала жапқаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізу ұсынылады. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, цифрлық ортада қолдануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Арман Қырықбаев.
Бұдан бөлек, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты жағдайлар нақтыланады. Ашық дереккөздерден алынған адамдардың фото, видео бейнелерін олардың келісімінсіз пайдалануға тек адамның өзі оларды одан әрі пайдалануға тыйым салмаған жағдайда ғана жол берілетін болады. Сонымен қатар адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер мен бейнелер оның қызметтік ісіне жатпайтыны тікелей бекітіледі.
- Білім беру контенті мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Ұсынылып отырған талаптардың басты мақсаты – азаматтарға білім беру курстарын тарататын тұлғалардың тиісті білімі бар-жоғы, сондай-ақ ұсынылатын оккульттік қызметтердің сипаты туралы ақпарат алу мүмкіндігін беру. Осылайша, бұл бағыт таратылатын ақпараттың ашықтығын арттыруға және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған, - деді министр.
Айта кетейік, бүгінгі отырыста 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салу, 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет және Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау мәселелері қаралады.