Әлеуметтік желіге тіркелу, 2027 жылғы бюджет: Құрылтай қандай заң жобаларын қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтайдың бүгінгі отырысында 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салу, 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет және Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімді ратификациялау мәселелері қаралады. Сондай-ақ депутаттар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді талқылайды.

Қазақстан Республикасының Құрылтайы
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Естеріңізге сала кетсек, 13 қарашада Құрылтай спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюрода отырыстың күн тәртібі бекітілген еді. Соған орай депутаттар қарауына алдымен Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің ілеспе түзетулері шығарылады. Заң жобасы Президенттің онлайн-платформаларға деструктивті контентті таратқаны үшін жүктелетін жауапкершілікті заңнамалық тұрғыдан бекіту, сондай-ақ балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта құру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Атап айтқанда, түзетулер аясында жедел хабарлар сервистерін қоспағанда, он алты жасқа толмаған пайдаланушыларды әлеуметтік желілерде тіркеуге тыйым салу, онлайн-платформалар өкілдіктерін міндетті түрде есептік тіркеуге қою, білім беру курстарының авторларына қатысты жекелеген талаптар және басқа да шаралар қарастырылған.

Сондай-ақ депутаттар 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын екінші оқылымда қарайды. Бұл құжатты Құрылтай 14 қазанда бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Сол кезде негізгі баяндама жасаған Қаржы министрі Мәди Тәкиев бюджет қаражаты қайда жұмсалатынын айтты.

Казахстан и Сингапур
Фото: ҚТЖ

Мұнан бөлек, Құрылтай Қазақстан мен Сингапур арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім жөніндегі ратификациялық заң жобасын да күн тәртібіне енгізді. Бұл құжат екі елдің құзыретті органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Қылмыстық істерді тергеу, тінту жүргізу, банк шоттары туралы ақпарат алмасу және Қылмыстық жолмен алынған табыстарға қатысты шаралар қабылдау барысында дәлелдемелер алу үшін құқықтық негіз қалыптастырады.

Өзара құқықтық көмек мыналарды қамтиды:

а) ақпарат пен дәлелдемелер алу;

ә) адамдардың дәлелдемелер беру немесе көмек көрсету мақсатында, оның ішінде қажет болған жағдайда бейнеконференция арқылы қатысуы;

б) қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланылған немесе одан алынған ақша қаражатын қоса алғанда, мүлікке тыйым салу, сондай-ақ оны тәркілеу немесе меншік құқығынан айыру;

в) тінту және алып қою жүргізу;

г) адамдардың орналасқан жерін анықтау және оларды сәйкестендіру;

ғ) процестік құжаттарды табыс ету.

Депутаттар Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы цифрлық экономика саласындағы әріптестік туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қарайды. Келісім Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының Ыстанбұл және Самарқанд саммиттерінде айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленген және мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарда цифрлық құралдарды дамытуға бағытталған. Құжаттың негізгі мақсаттары цифрлық экономиканың орнықты, инклюзивті және тұрақты дамуына жәрдемдесу, цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамыту және цифрлық ортаны реттеудің бірыңғай тәсілдерін белгілеу, шағын және орта бизнес субъектілерінің трансшекаралық цифрлық саудаға қатысуын кеңейту, тұтынушылардың сенімін, электрондық сауда арқылы сауда қатынастарын нығайту.

Отырыс барысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының жолдауы туралы ақпаратты тыңдау да жоспарланып отыр.

Айта кетейік, өткен аптадағы Құрылтай отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов ғылымды дамытуға бөлінген қаражаттың пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын жария етті.

ғылым, ғалым
Фото: Kazinform/ЖИ

Оның айтуынша, соңғы жылдары ғылым саласында бірқатар маңызды шара қабылданған. Қаржыландыру көлемі ұлғайып, Ұлттық ғылым академиясы қайта құрылды, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Жас ғалымдарды қолдау шаралары да жалғасып келеді. Сонымен қатар ғылыми нәтижелерді енгізуді растаудың бірыңғай нысаны және коммерцияландыру жобалары бойынша жоспарлы сату көрсеткіштерін айқындау әдістемесі бекітілген.

Алайда қабылданған шараларға қарамастан, ғылымды басқару жүйесінде бірқатар мәселе сақталып отыр. Мәселен, 2022-2025 жылдары ғылымға жұмсалған қаражат 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өскен. Соған қарамастан, ғылымның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1 пайыз болуы көзделгенімен, нақты көрсеткіш 0,16 пайызды ғана құраған.

Бұған қоса, ғылымды қаржыландыруда бюджет қаражатына тәуелділік артқан. Мемлекеттік бюджет есебінен бөлінетін қаржының үлесі 55 пайыздан 82 пайызға дейін ұлғайған. Бұл бизнес тарапынан ғылыми зерттеулерге сұраныстың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Сонымен бірге тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелердің үлесі 13 пайыздан 5 пайызға дейін төмендеген.

– Қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен, тиісті технологиялық нәтижелер салыстырмалы түрде көрініс таппай отыр. Қаржыландыру негізінен бюджетпен қамтамасыз етіледі. Бұл ғылымның мемлекетке тәуелді екенін және бизнес тарапынан сұраныстың жеткіліксіздігін көрсетеді, – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ депутаттар «Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, екінші оқылымда қабылдады.

Қазақстан жүк тасымалын ЖИ арқылы басқаруды жоспарлап отыр
Фото: Kazinform\ЖИ

Құжатты таныстырған Көлік министрінің міндетін атқарушы Мақсат Қалиақпаровтың айтуынша, конвенция халықаралық автотасымалдар саласындағы негізгі құжат саналады. Оған 58 мемлекет кіреді, оның ішінде ТМД-ның барлық елі де бар.

— Бұл құжат халықаралық автомобиль жүк жеткізу тәртібін белгілейді. Атап айтқанда шарт жасау, рәсімдеу және тасымалдаушының жауапкершілігі туралы ортақ талаптарды қамтиды. Аталған конвенция қатысушы мемлекеттердің тасымалдаушыларына бірыңғай талаптарды қолдану, халықаралық көлік қызметтері нарығында ашық бәсекелестік қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар тасымалдау процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғауға және халықаралық жүк жеткізуді жеңілдетеді, — деді ол.

Мұнан бөлек, «Жүктерді халықаралық жолмен тасымалдау шарты туралы конвенцияға (ЖТШК) электрондық жүкқұжатқа қатысты қосымша хаттаманы ратификациялау туралы» Заң да екі оқылымда қаралып қабылданды. Құжат 2008 жылғы 20 ақпанда Женева қаласында қабылданған. Қосымша хаттама деректерді электрондық тіркеу және өңдеу технологияларын пайдалана отырып, жүкқұжаттарды электрондық форматта рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл халықаралық жүк тасымалы саласын цифрлық құжат айналымына көшіруге жол ашады.

Мұнан бөлек, «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжат Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әзірленді. Сондай-ақ, өзгерістердің мақсаты – энергетиканы дамытуға арналған біртұтас құқықтық негіз қалыптастыру, энергия жүйесінің сенімділігін арттыру және инвестиция тарту.