30,2 трлн теңге: 2027 жылғы бюджет қайда жұмсалады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтай отырысында «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат бойынша Қаржы министрі Мәди Тәкиев баяндама жасап, бюджет қаражаты қайда жұмсалатынын айтты.
Адами капиталға 10,5 трлн теңге бөлінеді
Мәди Тәкиевтің сөзіне қарағанда, 2027 жылы кірістер — 25,4 трлн теңге, шығыстар — 30,2 трлн теңге, бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызы.
— Бірінші және ең басым бағыт — адамға тартылатын инвестициялар. Бұл шығыстар — стратегиялық инвестициялар. 2027 жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге немесе жалпы бюджеттің 35 пайызы қарастырылған. Әлеуметтік саладағы бюджет қаражаты — нақты азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге арналған. Бұл саладағы бюджет қаражатының негізгі бөлігі, әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау саласына бағытталған, — деді ол.
Министрдің мәліметінше, 2027 жылы әлеуметтік көмек пен қамтамасыз етуге арналған шығыстар 6,9 трлн теңге болса, денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге қарастырылған. Қаражат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және медициналық сақтандыруға бағытталған.
— Жалпы міндет — саланы тек қаржыландырумен шектелмей, халық денсаулығының нақты көрсеткіштерін жақсартатын тиісті шараларды қабылдау. Бюджет параметрлері мемлекеттің барлық негізгі міндеттемелерін сақтауды, және халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғауды қамтамасыз етеді, — деді Мәди Тәкиев.
«Келешек мектептерінде білім сапасын арттыратын әдіснама әзірленеді
Оның атап өтуінше, білім және ғылым саласында сапалы стандарттар енгізіліп жатыр. 18 мың бала сауықтыру шараларымен, 76 мың педагог кәсіби біліктілігін дамытумен қамтылса, 217 «Келешек мектептерінде» білім беру деңгейі мен сапасын арттыратын әдіснама әзірленетін болады.
— Студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін жатақханаларда, жылына 25 мыңға жуық орын қарастырылған. Сонымен қатар жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамтылуына, ерекше мән берілді. Оқу орнын бітіргендерге бірінші жыл ішінде, жұмысқа орналасқан түлектердің үлесі 79%-ға дейін өсуі тиіс, — деді ол.
Сондай-ақ министр 2027 жылы ғылымдағы жаңа жобалар топтамасына 60,4 млрд теңге көзделгенін, бұл 2026 жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге артық екенін атап өтті.
— Осылайша, адами капиталға жұмсалатын шығыстар — бұл жай ғана әлеуметтік шығыстар емес. Бұл — мемлекет тарапынан адамның өмір сүру сапасын арттыруға тікелей бағытталған қаражат, — деді Қаржы министрі.
Өңірлерге 7,4 трлн теңгеге қолдау көрсетіледі
Мәди Тәкиевтің айтуынша, өңірлерді қолдауға жыл сайын бюджеттің төрттен бір бөлігі, немесе 7,4 трлн теңге бағытталатын болады. Өңірлерге бөлінетін барлық қаражат ең алдымен халыққа арналады.
— Бұл әлеуметтік — коммуналдық инфрақұрылым. Басты міндет — халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау. Бұл ретте өңірлерді қолдау тек республикалық бюджеттен берілетін трансферттер ғана шектелмей, сонымен қатар өңірлердің меншікті қаржылық мүмкіндіктері де кеңейіп келеді, — деді ол.
Министрдің дерегінше, 2020-2025 жылдары жергілікті бюджеттерге жалпы сомасы 7,2 трлн теңгеге салықтар мен төлемдердің 6 түрі берілді. 2026 жылдан бастап төлемдердің қосымша 6 түрі қарастырылды. Бұл жергілікті бюджет кірістерін, шамамен 100 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жалпы сипаттағы трансферттер 12 базалық бағыт бойынша өңірлік стандарттар жүйесімен байланыстырылды.
— Осылайша, Үкімет халыққа қажетті инфрақұрылымды дамытуға қаражат бағыттап, өңірлерге жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешу үшін қосымша қаржылық мүмкіндіктер беріп отыр, — деді министр.
Экономиканың нақты секторын дамытуға қанша қаржы бөлінеді
— 2027 жылы экономиканың нақты секторын дамытуға 3,7 трлн теңге көзделді. Шығыстардың негізгі көлемі, көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, өнеркәсіпке, кәсіпкерлікке және цифрлық дамуға бағытталады. Көлік саласында автомобиль өткізу пункттері мен шекара бөлімшелерінің құрылысы жалғасып жатыр. Бұл салаға — 447 млрд теңге, ал республикалық автомобиль жолдарына 105 млрд теңге қарастырылған, — деді ол.
Министр атап өтуінше, ауыл шаруашылығында агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қолдауға — 372 млрд теңге, осы кешенді қаржыландыру үшін даму институттарын капиталдандыруға 200 млрд теңге жоспарланған. Өнеркәсіп пен құрылыс саласын қолдауға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына және басқа да жобаларды дамытуға 411 млрд теңге көзделген.
Цифрлық инфрақұрылымды дамыту жалғасады. Сондай-ақ, жоғары жылдамдықтағы интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етуге, және ғарыш саласындағы жаңа жобаларға қаражат көзделеді.
— Осылайша, 2027 жылы нақты сектордың шығыстары жалпы алғанда 2026 жылға қарағанда 600 млрд теңгеге ұлғаяды, — деді Мәди Тәкиев.
Ұлттық қор қаражаты 347 стратегиялық жобаны іске асыруға жұмсалады
Оның дерегінше, 2027 жылы экономиканың дамуын ынталандыратын шығыстар көлемі 7,5 трлн теңгені құрайды. Бұл ретте қаржыландыру тәсілі біртіндеп қайтарымсыз қаржыландырудан, инвестициялық кредиттеуге қарай өзгереді. Ол бір ғана бюджет ресурстарын бірнеше рет пайдалануға, және қосымша жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік береді.
— Мемлекеттің мақсаты — коммерциялық пайда табу емес, халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау, және азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау. Барлық бюджеттік инвестициялық жобалар, басымдықтарына қарай таңдалды. Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаражаты есебінен 347 стратегиялық жобаны іске асыру көзделген, — деді ол.
Қаражаттың негізгі бөлігі төрт базалық бағытқа:
— көлік және логистикаға;
— әлеуметтік салаға;
— энергетика;
— су ресурстарына бағытталады.
— Бұл еліміз үшін әлеуметтік-инфрақұрылымдық маңызы бар қажетті жобалар. Маңыздысы, бұл инвестициялар тек инфрақұрылымдық қана емес, сонымен қатар, тікелей әлеуметтік-экономикалық нәтиже береді. Жобаларды іске асыру шамамен 31 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік жасайды. Бірақ ең бастысы — халыққа тиетін нәтиже. Портфельді іске асыру шамамен 13 млн адамның өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Алайда мемлекеттің стратегиялық міндеті — болашақ ұрпаққа қажетті заманауи әрі сапалы инфрақұрылым қалыптастыру, келешекте оны пайдалана алуына жағдай жасау. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік бюджет аса маңызды инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге, және әлеуметтік салаға қомақты инвестиция салуға мүмкіндік береді, — деді Мәди Тәкиев.
2027 жылы қауіпсіздік, мемлекеттік басқару және резервтерге 4,9 трлн теңге көзделген.
Шығыстардың негізгі бөлігі, яғни 3,3 трлн теңге күштік блокқа тиесілі. Мемлекеттік басқаруға 787 млрд теңге көзделген.