Жаңартылатын энергия көздерін дамытудың төрт бағыты қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтай отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Құжатты Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды.
Оның сөзінше, Заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін әзірленді. Сондай-ақ, өзгерістердің мақсаты – энергетиканы дамытуға арналған біртұтас құқықтық негіз қалыптастыру, энергия жүйесінің
сенімділігін арттыру және инвестиция тарту.
– Қолданыстағы заңнама негізінен жаңартылатын энергия көздерін қолдауға бағытталған. Алайда бүгінде жинақтау жүйелерін, сутегі технологияларын дамытуды және энергия ресурстарын тиімді пайдалануды қамтитын кешенді тәсіл қажет, – деді министр.
Ол заң жобасы төрт негізгі бағытты қамтитынын айтып, әрқайсысы жөнінде жеке-жеке мәлімет берді.
– Бірінші бағыт – электр энергиясын жинақтау жүйелерін дамыту. Жаңартылатын генерацияның үлесі өскен сайын артық электр энергиясын жинақтап, сұраныс жоғары кезде пайдалануға мүмкіндік беретін технологияларға қажеттілік артып отыр, – деп түсіндірді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, қазір энергия жүйесінің маневрлік қуатқа қажеттілігі шамамен 3 ГВт деп бағаланады. Соның шамамен 2 ГВт-ын жаңартылатын энергия көздері жобалары арқылы қамтамасыз ету жоспарланып отыр, ал қалған 1 ГВт үшін инвестиция тартудың қосымша тетіктері құрылады.
Бұл мақсатта жинақтау жүйелерінің жобаларын бәсекелестік аукциондар арқылы іріктеу көзделеді. Сонымен бірге, Бірыңғай сатып алушының осы жүйелер қуатының қолжетімділігін ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтерге 15 жылға дейінгі шарттар негізінде ақы төлеу қарастырылған. Бұл инвесторларға болжамды жұмыс шарттарын қамтамасыз етеді.
Одан бөлек, жинақтау жүйелері электр энергиясын тұтыну аз кезеңде арзан бағамен сатып алып, сұраныс жоғары кезде қымбат сату арқылы бағалық төрелік жүргізе алады. Табыс нарықтағы баға жағдайына байланысты болады, ал мемлекет пайда табуға да, шығындардың өтелуіне де кепілдік бермейді.
– Екінші бағыт – екіжақты шарттар бойынша электр энергиясын сату тетігін жетілдіру. Бүгінде жаңартылатын энергия көздері объектілері электр энергиясын тұтынушыларға тікелей сата алады. Алайда, мысалы, сатып алушы банкротқа ұшырап, шарт тоқтап қалса, инвестор мен оның кредиторлар алдындағы міндеттемелері үшін сын- қатер туындайды, – деп тарқатты министр.
Оның түсіндіруінше, аталған жағдайға байланысты объект екіжақты шарт бойынша кемінде 36 ай электр энергиясын жеткізген болса, оған Бірыңғай сатып алушыға сатуға көшуге мүмкіндік беру ұсынылады. Баға соңғы үш
жылдағы ең төмен аукцион құнын ескере отырып белгіленеді. Мұндағы негізгі мақсат – сатып алушыны автоматты түрде өзгерту немесе қосымша жеңілдік беру емес, сату үдерісінің тоқтап қалу қаупін азайту, жобалардың кредит алу қабілетін арттыру және қаржыны тиімді пайдалануға жол ашу.
Ерлан Ақкенженов үшінші бағыт жылумен жабдықтау және өнеркәсіпте энергия ресурстарын тиімді пайдалану екенін атап өтті.
Оның сөзінше, Заң жобасы заманауи технологияларды тек электр энергетикасымен шектемей, жылумен жабдықтау мен өнеркәсіпте де қолдануға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, төмен потенциалды және қалдық жылуды, қайталама энергетикалық ресурстарды, жылу сорғыларын, биомассаны, биогаз бен сутегіні пайдалану көзделеді. Талаптар нақты объектінің техникалық мүмкіндігіне қарай белгіленеді.
– Төртінші бағыт – баламалы энергетиканың жаңа бағыттары үшін құқықтық негіз қалыптастыру. Заң жобасы сутегі технологияларын дамытуға, антропогендік және өнеркәсіптік қалдықтарды кәдеге жаратуға және олардан энергия өндіруге құқықтық негіз қалайды. Сондай-ақ, жинақтау жүйелері операторларының мәртебесі және олардың Бірыңғай электр энергетикалық жүйенің жұмыс режимін басқарудағы рөлі айқындалады, – деді Ерлан Ақкенженов.
Оның сөзіне жүгінсек, ұсынылып отырған өзгерістер энергия өндірудің қандай да бір жеке түрін қолдауға бағытталмаған. Олардың міндеті – экономикалық тиімділік пен тұтынушылардың мүддесін ескере отырып, баламалы энергетиканы дамытуға жағдай жасау.
Сонымен қатар, министр құжаттың тиімділігін санамалап айтып берді. Заң жобасы жинақтау жүйелерін дамытуға бәсекелестік тетіктерді енгізуге, жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға, екіжақты шарттар бойынша сату тәуекелін азайтуға және заманауи технологияларды кеңірек қолдануға мүмкіндік береді.
– Бұл өзгерістер – энергетиканың тұрақтылығы мен тиімділігін арттыруға, энергия балансын әртараптандыруға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға маңызды қадам, – деді Ерлан Ақкенженов.
Айта кетейік, бұған дейін жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуаты он жылда 16 есеге артқанын жазғанбыз.
Сонымен қатар, үш қалада қоқыстан энергия өндіретін зауыттар 2028 жылы іске қосылады.