Құрылтай жұмысының алғашқы кезеңі 1 шілдеде басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Елорада жаңа Конституцияның мемлекеттік басқаруды дамытудағы рөлі талқыланған халықаралық конференция өтті. Іс-шара ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұйымдастырылды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Жиында жаңа Конституцияның күшіне енуімен бірге жүзеге асатын саяси реформалар сөз болды. Атап айтқанда, Вице-президент институтын енгізу, Халық кеңесін құру және Парламентті Құрылтай ретінде жаңғырту мәселелері талқыланды.

Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі, Конституциялық Соттың судьялары, Парламент Мәжілісінің депутаттары мен ҚР Әділет министрлігінің өкілдері қатысты. Олар конституциялық реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызын сөз етті.

Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай жаңа Конституцияны іске асыру бағытында барлық негізгі заңнамалық тетік қалыптасқанын жеткізді.

— Біз жаңа Конституцияны қабылдадық. Оған сәйкес қажетті конституциялық заңдар әзірленіп, қабылданды. Негізгі заңнамалық база толық қалыптасты. Енді ел жаңа Конституция талаптарына сәйкес жұмыс істей бастайды. Бірінші кезектегі мәселе – Құрылтайдың жұмысы. 1 шілдеден бастап Құрылтайдың алғашқы дайындық кезеңі басталады. Түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы топтар құрылып, олар республика аумағында жұмыс атқарады, — деді ол.

Серік Ақылбай өз сөзінде Халық кеңесін құру жұмыстары қыркүйек айында басталатынын да атап өтті.

— Бұл туралы Президент те өз сөзінде атап өтті. Заңнамаға сәйкес Халықтық кеңесті құру қыркүйек айында ғана мүмкін болады. Қажетті заң қабылданып, күшіне енгенімен, кеңесті жасақтау жұмыстары күзде басталады, — деді Серік Ақылбай.

Ал Мәжіліс депутаты Марат Башимов кәсіби парламент қалыптастыру Мемлекет басшысы айқындаған негізгі міндеттердің бірі екенін айтты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— «Кәсіби парламент» ұғымының маңызы ерекше. Парламент тек заң шығаратын орган емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін маңызды институт. Бұл депутаттарға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Ең бастысы, мұның барлығы Конституцияда нақты көрсетілген, — деді депутат.

Конференция қорытындысы бойынша сарапшылар заңнаманы жетілдіру, құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру және заң шығару қызметінің ғылыми негізін күшейтуге бағытталған ұсынымдар қабылдады.

Айта кетейік, жиында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев конституциялық реформаны іске асыру кезеңдері туралы да айтты.