— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңдеуші секторды жеделдетіп дамытуды, экономиканы әртараптандыруды, елдің берік индустриялық негізін қалыптастыруды дәйекті түрде Үкіметке міндет етіп келеді. Табиғи ресурстары мол мемлекет шикізат жеткізуші ғана емес, ең алдымен бәсекеге қабілетті дайын өнім өндіруші болуға тиіс. Сонымен қатар, Қазақстан шикізаттық, қаржылық және өндірістік әлеуеті едәуір бола тұра, бірқатар дайын өнеркәсіптік өнімдер бойынша импортқа тәуелділікті әлі де сақтап отырғанын мойындау қажет. Елімізде металл, мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстар бар болғанымен, жабдықтың, шетелден қосалқы бөлшектердің, өнеркәсіптік материалдардың және дайын бұйымдардың айтарлықтай көлемін әлі де сатып алып отырмыз. «Осындай мол ресурстық базаға ие бола тұра, неге біз оны өз өндірістерімізді құруға және отандық технологиялық тізбектерді дамытуға толық көлемді пайдаланбаймыз?» деген заңды сұрақ туындайды. Дәл осы тұста қазақстандық өнімге деген ішкі сұранысты ынталандыру мәселесі ерекше өзекті, — деді Дания Еспаева Құрылтайда «Өңдеуші секторды ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу туралы» тақырыбында өтіп жатқан Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, осы міндетті шешудің ең пәрменді құралдардың бірі — офтейк-келісімшарттар тетігі, яғни болашақ өнімді кепілді түрде өткізуді көздейтін ұзақ мерзімді шарттар болуға тиіс. Отандық кәсіпорындар үшін мұндай тетік өндірісті жоспарлау, инвестициялар тарту, жаңа технологиялар енгізу және жұмыс орындарын ашу мүмкіндігін береді.
— Шын мәнінде, офтейк-келісімшарттар кепілді сұранысты нақты инвестицияларға және жаңа өндірістерге айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл процесте ұлттық компаниялар, квазимемлекеттік сектор субъектілері және ірі жер қойнауын пайдаланушылар ерекше рөл атқаруға тиіс. Алайда, офтейк-келісімшарттар енгізу келісімдерді формалды түрде жасауға алып келмеуге тиіс. Бізге нақты өндірістік нәтижелер, жаңа кәсіпорындар, технологияларды жергілікті жерде шоғырландыру, бәсекеге қабілетті өнім шығару, қазақстандық үлесті ұлғайту және импортқа тәуелділікті азайту қажет. Бұл ретте, кепілді сұраныс өнім сапасына қойылатын жоғары талаптармен, сатып алулардың ашықтығымен, адал бәсекемен және тараптардың жауапкершілігімен қатар жүруге тиіс. Біздің міндетіміз — оның жеткізудің бір көзін екіншісімен жай ғана алмастыру емес, қуатты, технологиялық жағынан дамыған және бәсекеге қабілетті отандық өндірушілердің пайда болуына жағдай жасау, — деді Құрылтай төрағасының орынбасары.
Еске салсақ, былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет жергілікті зауыттармен офтейк-келісім жасау арқылы құрал-жабдық өндірісін дамытуы керек екенін тапсырды.