Оған Құрлық әскерлері қолбасшылығының өкілдері, сарбаз аналары комитетінің мүшелері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ мерзімді әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Көктемгі шақырылған үш мыңнан астам сарбаз жас жауынгер курсынан өткеннен әскери ант қабылдап, Отанға адал болуға және оны қорғауға әрдайым дайын екендіктерін мәлімдеді.
31775 әскери бөлімінде әскери қызметшілер мен қонақтарды осы айтулы оқиғамен «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Ерболат Шерімбетов құттықтады.
— Әскери ант — бұл елге қызмет етуді, оның қауіпсіздігі мен бейбіт болашағын қорғауды саналы түрде таңдау. Сіздер Отан қорғаушылардың бірнеше буыны қалыптастырған даңқты дәстүрлерді сақтап, оны одан әрі жалғастырады деп сенеміз. Әскер сіздердің мінездеріңізді шыңдап, тәртіпке баулып, шынайы патриотизмді қалыптастыратын үлкен мектеп болады, — деп атап өтті ол.
Бұл күн жас сарбаздар үшін ар-намысқа, борыш пен ел алдындағы жауапкершілікке негізделген өмірдің жаңа кезеңінің басталуын білдірді. Қарағанды қаласынан Приозерск гарнизонындағы 06708 әскери бөліміне шақырылған қатардағы жауынгер Станислав Аленкин өз әсерін жеткізді.
— Ант сөздерін айтқан сәтте үлкен жауапкершілікті сезіндім. Еліме деген мақтанышым артып, әскери борыштың маңызын терең түсіндім. Командирлердің қолдауы мен туғандарымның қатысуы маған сенім берді. Енді абыроймен қызмет етіп, жақындарымның үмітін ақтауға дайынмын, — деді сарбаз.
Әскери бөлімдерге келген қонақтар үшін мазмұнды бағдарлама ұйымдастырылды. Әскери қызметшілер жауынгерлік дайындық элементтерін, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін, саптық жаттығулардағы үйлесімділік пен дәлдікті көрсетті.
Әскери бөлімдердің қолбасшылығы ата-аналарды ұлдарының қызмет ету жағдайлары туралы жан-жақты ақпараттандыруға ерекше көңіл бөлді. Қонақтарға әскери бөлім аумағына экскурсия өткізіліп, қару-жарақ пен әскери техника, қызмет ету жағдайлары және әскери қызметшілердің күнделікті тұрмыс-тіршілігі таныстырылды.
— Бұл мен үшін толқыныс пен мақтанышқа толы ерекше күн. Бүгін Отанға ант берген жас сарбаздар еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғау сияқты құрметті міндетті атқарады. Оларға зор денсаулық, адал қызмет және рух мықтылығын тілеймін. Сондай-ақ ұлдарымыздың бойына тәртіп, жауапкершілік және әскери борышқа адалдық сияқты асыл қасиеттерді сіңіріп жүрген командирлерге шынайы алғысымды білдіремін, — деді Абай гарнизонындағы 10810 әскери бөлімінде қызмет ететін сарбаздардың бірінің анасы Нұргүл Әлімбаева.
Салтанатты рәсімге қатыса алмағандар үшін әскери бөлімдерден әлеуметтік желілер мен қорғаныс ведомствосының ресми интернет-ресурстарында тікелей эфир ұйымдастырылды.
Онлайн трансляцияның арқасында мыңдаған қазақстандық жас сарбаздардың өміріндегі ең маңызды сәттердің біріне куә болып, олардың әскери қызметіндегі жаңа кезеңнің басталу қуанышын бірге бөлісті.
Осыған дейін әскери кафедралардың 13 мыңға жуық курсанты Отанға адал болуға ант бергенін жаздық.