НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс» бүгін, 5 қыркүйекте құрлықтық хоккей лигасындағы екінші ойынында елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына жол берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетелік, елордалық клуб аталған командамен өткізген соңғы екі кездесуде есе жіберіп қойды. Сол сәтсіздік бүгін де жалғасты.
Алдымен есепті «Барыс» командасы ашты. Елордалық хоккейші Якоб Лилья 41-минутта мергендік танытты.
Одан кейін «Барыс» өзінің қақпасына екі шайба жіберіп алды. Ойынның 45-минутында ресейлік Максим Карпов таразы басын теңестірсе, оның әріптесі Андрей Чибисов 58-минутта жеңіс шайбасын соқты.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.
Енді қазақстандық команда 8 қыркүйекте елордада Ресейдің «Амур» клубын қабылдайды.
Еске салсақ, алғашқы ойынында 3 қыркүйекте «Барыс» елордада Ресейдің «Салават Юлаев» клубына 1:5 есебімен есе жіберді.
Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты кезеңі 1 қыркүйекте басталды. Ол 2022 жылдың 1 наурызында мәресіне жетеді. Одан кейін турнирдің плей-офф сатысы басталады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.