Құрлықтық хоккей лигасы: «Барыс» қатарынан үшінші мәрте жеңілді
Алғашқы екі кездесуінде қарсыластарына есе жіберген «Барыс» үшін жеңіс ауадай қажет болатын. Сондықтан алғашқы екі кезең өте тартысты өрбіді.
Ойынның 19-минутында «Витязь» хоккейшісі Скотт Уилсон есеп ашты. Бұдан кейін қазақстандық клуб таразы басын теңестіруге ұмтылды. Десе де таблодағы есеп өзгеріссіз қалды.
Ал 43-минутта ресейлік командадан Степан Старков есепті ұлғайта түссе, одан кейін Владислав Кара 47, Жереми Руа 48, Кириил Рассказов 52-минуттарда «Витязь» командасының басымдығын арттырды.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 0:5 есебімен жол берді.
Екі команда бұған дейін 30 мәрте кездесті. Оның 22-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.
Айта кетсек, енді елордалық клуб 9 қыркүйекте Ресейде «Сочимен» шеберлік байқасады.
Ал елордада 13 қыркүйекте «Трактор» (Челябинск) командасын қабылдайды.
Еске салсақ, «Барыс» мұның алдында алғашқы кездесуінде буллиттен минскілік «Динамоға» есе жіберді.
Екінші кездесуінде Ресейдің СКА (Санкт-Петербург) командасына жол берді.