ҚХЛ: «Барыс» алғашқы кездесуінде минскілік «Динамоға» есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚХЛ: «Барыс» алғашқы кездесуінде минскілік «Динамоға» есе жіберді

Бұл жолы сырт айдында Беларусьтің «Динамо» (Минск) командасымен шеберлік байқасты.

Кездесуді беларусьтік команда белсенді бастады. Нәтижесінде олардың қатарынан Дмитрий Соколов 8, Ник Меркли 21-минутта мергендігімен көзге түсті.

Екінші кезеңнің 36-минутында «Барыс» хоккейшісі Антон Сагадеев есеп айырмасын қысқартты. Ол 41-минутта таразы басын теңестірді.

Кездесудің 46-минутында қазақстандық Әділ Бекетаев елордалық клубты алға шығарды. Ал 58-минутта «Динамо» хоккейшісі Брэндон Козун көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша екі команда негізгі кезеңде 3:3 есебіне қанағат білдіріп, ойын овертаймға ұласты. Овертмайда да жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте «Динамоның» жолы болды.

Енді «Барыс» 5 қыркүйекте СКА (Санкт-Петербург) командасымен кездеседі. Одан кейін 7 қыркүйекте «Витязь» (Подольск), 9 қыркүйекте «Сочи» командаларымен айдынға шығады.

Ал елордада 13 қыркүйекте «Трактор» (Челябинск) командасын қабылдайды.

Еске салсақ, екі команда бұған дейін 27 мәрте кездесті. Оның 15-і «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында қарсыласына есе жіберді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» шайбалы хоккейден Қазақстан Президенті кубогының иегері атанды.