АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Астанада бүгін Ресейдің «Сочи» клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында командалар ойынның негізгі кезеңінде 4:4 есебімен тең түсті. Негізгі кезеңде елордалық клубтан Антон Сагадеев, Джереми Бракко, Энтони Луис, Линден Вей мергендік танытты. Оған ресейлік клубтан Никита Зоркин, Никита Пивцакин бір-бірден, Никита Попугаев екі голмен жауап қайырды.
Овертаймда Линден Вей соққан гол «Барысқа» жеңіс алып келді. Осылайша елордалық клуб қарсыласын овертаймда 5:4 есебімен тізе бүктірді.
Екі команда биыл 9 қыркүйекте Ресейде кездесіп, онда «Сочи» 6:3 есебімен басым түсті.
Енді алдағы ойынын 4 қазанда елордада Ресейдің «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасына қарсы өткізеді.
Айта кетсек, екі команда бұған дейін 17 мәрте кездесті. Оның 10-ы «Барыстың» басымдығымен аяқталса, қалғанында ресейлік клубтың мерейі үстем болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.