Құтқарушылар Алматы тауларында жоғалған туристі тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысының тауларында жоғалып кеткен турист аман-есен табылды, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, түнде Алматы облысы Қарасай ауданының таулы аймағында, биіктігі 4400 метр болатын «Жас гвардия» шыңы маңында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген.
Келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 1998 жылы туған жігіт 27 желтоқсан күні шамамен сағат 19-00-де «Жас гвардия» шыңына шығу үшін жолға шығып, кейін байланысқа шықпай қалған.
-Іздестіру жұмыстарына ТЖМ күштері мен құралдары жұмылдырылды. Құтқару қызметінің өкілдері жоғалған азаматты «Кеңестер шыңы» маңынан тауып, оны «Үлкен Алматы көлі» бақылау-құтқару пунктіне дейін түсірді. Ол медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ, — делінген хабарламада.
Осыған дейін Алматыда шетелдік туристер көп баратын ТОП-8 орын аталды.