Құтқарушылар жоғалып кеткен турист қызды тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы облысының Қарасай ауданында ҚР ТЖМ «Барыс» РҚҚ құтқарушылары Үлкен Алматы шыңы аймағына аттанып, байланысқа шықпай қалған турист қызды іздестіру жұмыстарын жүргізді.

Фото: видеодан алынған скрин

Құтқарушылар Аю-Сай және Проходное шатқалдарын, сондай-ақ Терра алаңы мен Алёшкин көпірі аумақтарын тексерді. Құтқарушылар турист қызды Проходное шатқалындағы сарқыраманың жанынан тапты. Оған медициналық көмек қажет болмады. Құтқарушылар оны төменге дейін алып түсіп, Алматы қаласы ТЖД қызметкерлеріне тапсырды.

Іздеу жұмыстарынан қайтып келе жатқан кезде Космостанция ауданында аяғын жарақаттап алған тағы бір турист туралы хабарлама келіп түсті. Құтқарушылар оқиға орнына жіберілді. Олар зардап шеккен туристке алғашқы медициналық көмек көрсетіп, төменге дейін алып түсті және оны Апаттар медицинасы орталығының бригадасына тапсырды.