9 қаңтарда Қостанай облысы Әулиекөл ауданы Әулиекөл ауылының 15-ӨСБ байланыс пультіне Сұлукөл кентінің сыртында жолаушылары бар жеңіл автокөлік қар құрсауында қалғаны туралы хабарлама түсті. Құтқарушылар дереу әрекет етіп, шақыру орнына өтімділігі жоғары Камаз-вахтовка техникасы мен жеке құрамның 3 адамын жіберді.
Автомашина облыстық маңызы бар «Әулиекөл-Жолдама» автожолы учаскесінде, Сұлукөл кентінен 40 шақырым жерден табылды.
Жолаушылар көлігінде 5 адам ауа райының қолайсыздығына байланысты қар құрсауына тап болды. Ауа райының нашарлауы, температураның күрт төмендеуі нәтижесінде олар мінген көлік істен шыққан.
Құтқарушылар жолаушыларды Әулиекөл кентіне эвакуациялап, жергілікті мектеп-интернатта орналасқан жылыту пунктіне орналастырды, онда олар ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Сол күні тағы бір құтқару операциясын Қамысты ауданының ТЖ бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырды. Республикалық маңызы бар «Қостанай-Қарабұтақ» автожолында «Мерседес» маркалы автокөлік сынған. Құтқарушылар шетелдік көлікті жөндеуге көмектесті және Ливановка кентінің жылыту пунктіне 7 адамды, оның ішінде 5 баланы жеткізді.
Бір сағат өтер-өтпестен құтқарушылар тағы бір шақыруды қабылдады. Ливановка ауылынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан республикалық маңызы бар «Қостанай-Қарабұтақ» автожолында жүк автомашинасы қалып қойған. 2 адам ақаулы машинадан шығарылып, Ливановка кентінің жылыту пунктіне жеткізілді.
Авариялық-құтқару жұмыстары сәтті өтті. Құтқарылғандардың барлығы медициналық көмекке мұқтаж емес.
Ағымдағы жылдың 9 қаңтарында Шығыс Қазақстан облысы ТЖД құтқарушылары қолайсыз ауа райында жолда қалған тұрғындарға көмекке келді. Глубокое ауданының Волчиха ауылында 11 адам қала сыртындағы үйде болған, өңірде бір аптаға жуық қар жауғаннан және қарлы бораннан кейін олар өз бетінше үйлеріне орала алмаған. ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері «Шерп» автокөліктерімен көмекке келді. Барлық азаматтар үйлеріне аман-есен жеткізілді, оларға медициналық көмек қажет болмады.
Сондай-ақ, 9 қаңтарда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Абай ауылдық округінде Балқаш қаласынан 30 шақырым жерде қар құрсауында 2 адамы бар «УАЗ» автокөлігі тұрып қалғаны туралы хабар келіп түсті. Олар ТЖД күштерімен эвакуацияланып, Балқаш қаласына жеткізілді. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет емес.
ҚР ТЖМ температураның күрт төмендеуімен байланысты қолайсыз метеожағдайлар туралы ескертеді және халықты елді мекендерден тыс жерлерге алыс сапарлардан бас тартуға шақырады. Республиканың көптеген аймақтарында дауылды ескертулер жарияланған. Ауа райы жағдайлары туралы ТЖМ сайтындағы «Жедел ақпарат» бөлімінде және «Дәрмен» мобильді қосымшасында нақты ақпарат бар.
Фото: Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі