Құтлық қаған бітіктасының табылуы әлем ғылымындағы маңызды оқиғаға балануда
Түркі академиясынан мәлім еткендей, хатта Құтлық қаған ескерткішінің табылуы «дүниежүзі ғылымында маңызды оқиға саналатыны» атап өтілген Сонымен қатар, мұндай маңызды жаңалықтың түркологияның дамуына айрықша серпін беретіні айтылған.
«Сіздерді жеке өзімнің және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институты ұжымы атынан Моңғолияның Арханғай аймағында Түркі академиясының археолог-мамандары ашқан айрықша маңызды ғылыми жаңалығымен шын жүректен құттықтаймын. Тарихта «түрк» атауы алғаш рет кездесетін ең көне жазба ескерткішінің табылуы дүниежүзі ғылымында маңызды оқиға болып саналады және бұл түркологияның ғылыми сала ретінде дамуына соны серпін береді. Сізге және сіздің ұжымға бұдан әрі қарай да шығармашылық табыс тілеймін. Азия және Африка елдері институты мен Түркі академиясы арасында алдағы уақытта табысты әріптестік орнайтынына сенемін», - делінген Академия президенті Дархан Қыдырәлінің атына келген құттықтау хатта.
Еске салайық, биыл Халықаралық Түркі академиясы Моңғолияның Археология институтымен бірлесіп ұйымдастырған ғылыми экспедициясы нәтижесінде Номғон алқабынан көне түркі дәуіріне жататын бітіктастың жоғарғы бөлігі мен ғұрыптық кешенін тапқан болатын. Экспедиция жұмысына академияның ғылыми қызметкерлері, белгілі түрколог Нәпіл Базылхан мен Нұрболат Бөгенбаев қатысты. Түркі академиясының ғалымдары ескерткішке қашалған жазуларды оқып, оның Екінші Түркі қағандығын құрған Құтлық қағанға арналғанын анықтап отыр.