Күйік асуындағы жол жөндеу кезінде 191 млн теңге артық есептелген

АСТАНА. KAZINFORM — Жамбыл көлік прокуратурасы Күйік асуындағы «Ташкент — Шымкент — Тараз — Алматы — Қорғас» автожолын жөндеу кезінде материалдар құны негізсіз көтерілгенін анықтады.

Фото: Kazinform/ЖИ

Бас көлік прокуратурасының хабарлауынша, тексеру кезінде жол жамылғысын нығайтуға арналған геотордың нормативтік бағасы шаршы метріне 2 579 теңге болғанымен, сметада 3 544 теңгеден көрсетілгені белгілі болды.

Осының салдарынан жөндеу жұмыстарының құны 185,9 млн теңгеге негізсіз өскен.

Прокуратураның араласуынан кейін қосылған құн салығын қоса есептегенде, бюджетке 191,3 млн теңге қайтарылды.

Ведомство жол жөндеу жұмыстарының заңдылығы мен сапасын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

Еске салайық, бұған дейін құрылыста отандық материалдарды импорттық өнімдермен алмастыруға жол берілмейтінін жазған едік.