- Нұржан Орынғалиұлы, қазіргі уақытта қазақтың күй өнерін үйретудің деңгейі қалай деп ойлайсыз? Мектептен жоғары оқу орындарына дейінгі сабақтастық сақталып отыр ма?
- Күні бүгін бабаларымыздан жеткен күй өнерін жас ұрпаққа үйретудің деңгейі жақсы деңгейде деп айтуға болады. Шәкірттер әуелі мектепте тәрбиеленсе, содан кейін колледжге, одан жоғары оқу орнына, консерваторияға немесе өнер университеттеріне барады, яғни сатылап білім алу арқылы сабақтастық жақсы сақталып отыр.
Ерекше атап өтетін жайт, қазір домбыраға, сонымен қатар күй өнеріне сұраныс көп. Жыл сайын жас талапкерлер балалар саз мектебіне көптеп қабылданады. Талабы барлар іріктеле келе колледжге түседі. Дегенмен колледж бітіргеннен кейін жан-жақты дайындалып, шеберліктерін жетілдірмесе, консерватория не басқа жоғары оқу орнына түсуі қиын, өйткені конкурс жоғары.
- Қазақтың әр өңірінде ерекшеліктер бар екендігі белгілі. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
- Қазақтың әр аймағында ерекшеліктер бар екендігі рас. Ол жөнінде қазақтың өнерін кәсіби түрде әлемдік деңгейге көтерген атақты өнертанушы, академик Ахмет Жұбанов айтып кеткен. Мысалы, Қазақстанның батыс өңірінде күйшілік дәстүр әр түрлі мектептерге бөлінеді. Соның бірі - Құрманғазы мектебі болса, екіншісі – Дәулеткерей (төре күй) мектебі. Сондай-ақ Маңғыстау күй мектебі, Қазанғап күй мектебі болып бөлініп жатады. Әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Айталық, Құрманғазы мектебінде динамикалық жағында қара қағыс көп кездеседі. Құрманғазы, әсіресе, үлкен сағаны дамытты. Екінші ішектегі соль нотасынан ғана емес, сағадан да бастап кетіп күй шығарды. Күй шығарудың басқа да түрлерін көрсетіп, ерекше жоғары деңгейге жеткізді. Төкпе күйдің Қазақстанның батысына тән екені белгілі. Сонымен қатар басқа да өңірлерде күй мектептері баршылық. Қаратау, Арқа, Жетісу және Шығыс Қазақстан аймақтарында шертпе күй кең тараса, кейде оларда арасында төкпе күй де тартылып кетіп жатады. Күй көршілес елдерге де әсер етеді. Мысалы, Маңғыстаудың кейбір күйлерінде түрікмен өнерінің бірқатар элементі ұшырасады. Соны өзімізге жақсы қабылдай отырып, керемет үйлесімді етіп шығарған.
- Құймақұлақ домбырашылар мен нотамен үйренетіндер арасында айырмашылықтар қандай?
- Нота қазақ даласына келмей тұрған кезде ерте заманда-ақ құймақұлақтық жақсы дамыды. Бұл өнер содан бері сақталып келеді. Кейбір мектептерде әлі де үйретеді. Бір ескеретін жайт, күйдің бар болмысын нотаға жүз пайыз түсіру мүмкін болмай жатады. Ал ойнап отырған кезде оны іліп-қағу, фаршлаг арқылы бәрі алынады. Нотаға түскен күйдің сұлбасын шығара отырып, оны қосымша таспадан тыңдасаң, қосымша әрлеп, әсерлі етуге болады. Құймақұлақтық есту қабілетінің өте жоғары болуын талап етеді. Адамның есту қабілеті өте жақсы дамыған болса, онда құймақұлақтықпен үйренген күй бірден көкірегіңде қатталып қалады. Және оның қыр-сырына үңіліп, іліп-қағу әдістерін естіп отырасың. Нотаның жөні бөлек. Ол нотаға түсіруші адамның қабілетінің қаншалықты екендігіне байланысты. Қазір, мысалға, үш адам нотаға түсіретін болса, бір күй түрліше болып шығып жатады. Өзегі бір бірақ та. Құймақұлақпен үйренген домбырашы әрі қарай күйді өзінше дамытуы мүмкін. Бізге жеткен күйлердің бірнеше нұсқасы болғанымен, мынаусы нашар деу қиын. Оны Ахмет Жұбанов атамыз да айтқан. Айталық, «Қайран шешем» Динаның, Қали Жантілеуовтың және Оқап Қабиғожиннің тартуында бәрі – керемет. Бірақ негізгі өзегі қалған да, домбырашы өзінің қабілет-қарымына қарай кейбір жерін дамытқан, өз ой-өрнектерін қосқан. Бұл – халықтық дәстүр. Әр домбырашы өз жанынан жақсылап қосып, түрлендіріп, гүлдендіріп жіберетін болған. Енді нотаға келетін болсақ, бұл – әлемдік деңгей, шығарма түсіріліп қатталғаннан кейін жақсылап қарап, талдап үйренетін болса, екеуі де керек нәрсе. Қазір, мысалға, сандық нотамен де үйретеміз дейді. Қайсысы ыңғайлы, қайсысы жеңіл, үйренуші соны қабылдағаны дұрыс. Нотамен үйреніп келгеннен кейін де өзінің есту қабілетін дамытып, құймақұлақтықпен де күйді қағып алса, артықтық етпейді. Және құймақұлақтықпен күй үйренгеннің бір қасиеті, күйтабақтан немесе таспалардан күйді нотаға түсірерде ол да керек.
- Күй қазақтың жаны дейді, өзіңіз де домбырашы ретінде осы өнердің болашағы жөнінде не айтасыз, ізбасарларыңыз көп пе?
- Иә, күй қазақтың жаны екені рас. Бабаларымыз күймен ойын өріп, қандай жағдай болмасын сол сәттегі көңіл-күйін, қуаныш-қайғысын сонымен жеткізіп отырған. Кейде тіпті қайғылы оқиғаны тілмен емес, күймен хабарлаған. Көпке белгілі Кетбұғаның күйі «Ақсақ құлан» сияқты бірнеше күй кездеседі. Ол тек домбырамен ғана емес, қобызбен де солай орындалады. Ауыр қайғыдан басын көтере алмай жатқан азаматтардың қасына барып отырып, күйін күңірентіп тартқан кезде орындарынан тұрғызған оқиғалар болған. Күйдің тағы бір ерекше қасиеті, ол тек қана адамзатты емес, жан-жануар, табиғатты да көркем суреттеген. Ботасы өліп, боздауын қоймаған інгенді де күй тартып, иіткен, сауғанда сүт шыққан. Бабадан атаға, одан балаға жалғасып келе жатқан қазақтың күй өнері басқа әлем халықтарында жоқ деп айтуға болады. Қазақтың күйінің ең ұзағының өзі тартқан кезде 4-5 минуттан аспайды. Күйшінің дарындылығы сондай, бәрін тобықтай түйініне дейін сол қасқағым уақытқа сыйдыра білген. Ал әлемдік деңгейдегі композиторлар Бах, Бетховен, Моцарт, Чайковскийлердің туындылары ұзақтау тыңдалады.
Бабаларымыз қалдырып кеткен күй өнерінің болашақта да жұлдызы жанатынына сенімім кәміл. Өйткені домбыраға, күйге деген жастарымыздың құлшынысы өте зор. Ізбасарларымның қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Соның ішінде өмірін өнерге арнаған Асылхан Қазиев, Дәурен Ташпенов, басқа салаға ауысқан Айбек Орынғалиев, қазір университетте сабақ беріп жүрген Ақшолпан Кенжеғалиева, Әлібек Қуаншалиев, Нұргүл Хинекина, Жеңіс Қойшыбаев алдымен ауызға ілігеді. Бейбіт Аслан, Қуаныш Құбайтов, Ерлан Сертеков сынды шәкірттерім аудандарда балалар музыка мектебінде жұмыс істейді.
- Соңғы сауал, Қазақстанда күй өнерін кеңінен насихаттау үшін қандай шаралар атқарылуы қажет?
- Мемлекет басшысы айтқанындай, әр қазақтың шаңырағында домбыра тұрса, оған жететін ештеңе жоқ. Бос тұрмай, күй ойналып, дәстүрлі ән шырқалса, ол баланың миына кішкентайынан сіңе берер еді. Содан ол өскен сайын күйдің табиғатын түсініп, ықыласы арта түсері анық. Қазір мектептерде, оқу орындарында үзіліс кезінде қоңыраудың орнына күй ойналады. Бұл да насихат. Сосын әр күйдің тарихы бар. Күйді тартқан кезде домбырашы соны айтып отырса, құба-құп болар еді. Қазақстанда кейінгі кезде Ұлттық домбыра күнінің аталып өтілуі өнерімізге серпін берді. Енді осыны оқу орындары іліп әкетіп, жыл бойы күй үйретуді жолға қойса, тіпті керемет болар еді. Бүгінгі таңда облыстарда қазақ ұлт аспаптар оркестрлері ашылып, жеке солист домбырашылар да көбейіп жатыр. Тіпті бір өңірдің өзінде бірнеше оркестр қатар даму үстінде. Осы жақсы үрдісті байытып, күй өнерінің деңгейін жоғарылата түссек, бұл халқымыздың рухани жағынан түлеуіне септесер еді. Күйде бабалар рухы да бар. Сондықтан бұл, түптеп келгенде, отаншылдық, патриоттық тәрбиеге келіп тіреледі.
- Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз жана берсін!
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Едіге Нәбиевтің домбыра жасау үлкен өнер екендігі туралы айтқанын жазған едік.