Едіге Нәбиев: Домбыра жасау – үлкен өнер

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақтың табиғатына келетін домбыраны жасаудың сыры неде? Қазіргі аспаптар талапқа сай ма? Міне, осы сауалдар төңірегінде елге белгілі күйші әрі домбыра жасаушы шебер, «Үкілі домбыра» республикалық байқауларының жеңімпазы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Орал қаласының құрметті азаматы Едіге Нәбиев ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Едіге Қуанғалиұлы, Астрахан өңірінде туып-өстіңіз, сізге күйшілік қасиет кімнен дарыған деп ойлайсыз?

- Күйшілік қасиет қанмен келді деп ойлаймын. Өйткені әкем Қуанғали да, ағам Сыдиық та домбырашы болды. Әкем Жаңақала ауданының 26-ауылында елге танымал күйші, «тесіктамақ» атанып кеткен Сабыр Мұқатовпен бірге өскен. Екеуі де Орда ауданы Мешітқұм елді мекенінде орын тепкен Мұстафа мешітінде дәріс алған. Ол мешітте қазіргідей уағыз айту ғана емес, білім-тәрбие беріп, сөз сөйлей білуге, домбыра тартуға үйреткен.

1917 жылы қазан төңкерісінен кейін жағдайы тәуірлердің қудалауға тап болғаны белгілі. 1932 жылы малдарын тартып алғаннан кейін әкемдер Астрахан облысы Қарабайлы ауылы Баста деген ауылына қоныс аударған. Сол Алтын Орда дәуірінен қалған тарихи мекенде туып-өстім. Сабыр Мұқатов Жаңақала қырынан 200 шақырымдай жерден салт атпен келіп тұратын.

1937 жылы әкем екеуі Астраханда күнелтіс қамымен концерт беріп тұрған мезгілде Сабырдың тамағы бітіп қалған. Содан астрахандық дәрігерлер тамағын тесіп, трубка қыстырып қойған. Содан сөйлегенде ысылдап, трубкасын басып отыратын еді.

Сабыр Мұқатов та, әкем де бастапқыда жыршы болған. Әкем Исатай-Махамбет, Шернияздарды жырлайтын еді. Қаншама өткелектен өтсе де, домбырасын тастамаған отбасында тәрбиелендім. Мәстура, Марфуға деген апаларым домбыра тартпаса да, кімнің күйі екендігін біліп, біреулер қате орындаса, айтып отыратын еді.

- Жас кезіңізде жақсы спортшы да болған екенсіз?

- Иә, 1966 жылы мектеп бітіргеннен кейін Орал педагогикалық институтына түсіп, төрт жылдан кейін спорт факультетінің алғашқы түлектері атандық. 10-сыныпта оқып жүргенде-ақ, 800 метрге жүгіруден ересектер арасындағы 3-разряд нормасын орындадым.

Волейбол да ойнадым. Институтта сол кезде қазақ жастары жақсы көрініп, жеңіл атлетика, волейбол, баскетболдан намысты қолдан бермей жүрді. Өзім спорт саласында да түрлі қызметтер атқардым. Дегенмен бәрібір өзіңнің табиғатыңа жақын өнерге қайтып келеді екенсің.

- Сіз ән де айттыңыз ғой?

- Ән де айтамын, дауыс жетеді. Жас келіп, үлкейген соң ән шырқауды қойдым деуге болады. Жалпы, өзім құймақұлақ күйшімін, нота білмеймін. Негізінен Құрманғазы, Дина, Сейтек сияқты осы батыр өңір композиторларының күйлерін тартамын. «Көңіл толқынын» да шерте аламын, бірақ шертпе күйлерге әуестенген жоқпын. Өз басым ХІХ ғасыр қазақ күй өнерінің алтын ғасыры болды деп есептеймін. Қазіргі кезде ондай ұлы таланттар жоқ.

- Қанша күй білесіз, арасында сирек орындалатындары бар ма?

- Алпысқа тарта күй білемін. Арасында сирек орындалатындары бар. Мысалы, Құрманғазының «Айда, бұлбұл, Айжан-ай» күйін айтуға болады. Оны белгілі күйші-композиор, Қазақстанның халық әртісі, марқұм Тұяқберді Шәмелов екеуміз орындап жүрдік. Өзім Дәулеткерейдің сазды күйлерін орындағанды жақсы көремін.

- Күйді жылдам тартуды шеберлік деп есептейтіндер бар сияқты, оған қалай қарайсыз?

- Өкінішке қарай, біз тез орындаймыз деп, күйдің табиғатын бұзып аламыз. Мысалы, Құрманғазының «Сарыарқасын» алайық. Оны сыдыртып тартып шыққаннан не ұтамыз? Сол секілді «Балбырауынды» тез орындаушыларды түсінбеймін.

Шын мәнісінде «Бал Брауна» деген сөзден шыққан ғой. Губернатор Браунның балы кезінде ер және әйел адамның биіне лайықталған күй ғой. Олар қатты жылдамдықпен билемейді ғой. Міне, тез тартамыз деп, күйдің мән-мағынасын жоғалтып аламыз. Түптеп келгенде, қазақ халқы қоңыр далада жайбарақат өмір сүрген ғой.

- Сіздің домбыра қағысыңыз биязы, лирикалық күйлерге көбірек келетіндей. Содан кейін күйлердің тарихын айта отырып, тартады екенсіз?

- Ол енді әркімнің мінезіне байланысты. Дұрыс айтасың, күйдің қайдан шыққанын біліп тарту керек. Сосын тарихын айтып алсаң, күйді тереңірек түсінуге көрерменді дайындайсың. Мысалы, Ақбикештің «Айнам қалды», Есжанның «Қош, аман бол, Ақбикеш», «Соқыр Есжан» күйлерін шығу төркінін тарқатып отырып бірге тартсаң, қандай жарасымды.

Он тоғызыншы ғасырда айттырылып қойылатын заман, Ақбикеш пен Есжан бірін-бірі ұнатқанмен, қосыла алмайды. Ақбикеш ұзатылар тойында «Айнам қалды» деген бұрын ешкім естімеген мұңды күй тартады. Соның алдында шеттетіліп, түрмеден шығып келіп отырған Есжан оған жауап ретінде «Қош, аман бол,Ақбикешті» орындайды.

Сол ауылдағы талас-тартыс кезінде жігіттердің бірінің қамшысы тиіп, Есжанның бір көзі ағып кетеді. Содан күйші «Соқыр Есжан» күйін шығарады.

Тағы бір айтайын дегенім, соңғы кезде концерттерде оркестрге көбірек мән беріледі де, жеке орындаушылар елеусіз қалатындай. Бұрын Ермек Қазиев, Мамай Отарбаев, Теміреш Кереев сияқты орындаушылар жиі көрінетін еді. Қазір ол үрдіс қалып бара жатқандай. Бәрі де күйді бұзбау орындауға келіп тіреледі.

- Сізді Ақ Жайық жұртшылығы домбыра жасаушы шебер ретінде де жақсы біледі. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

- Домбыра жасау – үлкен өнер. Әкем ертұрман жасап, домбыра оятын шебер еді. Содан жұққан болар, бұл өнерді де үйреніп кеттім. Үш рет «Үкілі домбыра» республикалық байқауының лауреаты атандым.

- Құрманғазы домбырасының көшірмесін қалай жасап жүрсіз?

- Астрахан облысы Алтынжар ауылындағы Құрманғазы атындағы мәдени орталық қорында сақталған күйші домбырасының дәл өлшемдерін алып, жасап шықтым. Біреуі Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне, екіншісі Астанадағы орталық музейге, үшіншісі Оралдағы облыстық музейге табысталды. Төртіншісі БҚО халық шығармашылығы орталығына берілетін болады. Енді осыдан кейін домбыра жасамаймын.

- Сөзіңіз аузыңызда, домбыра жасаушы шебер күй тарта білуі керек деп ойлайсыз ба?

- Меніңше, кішкене болса да, домбыра тарта білуі керек. Аспап жасаған кезде оның дыбысын іздеуге тура келеді. Конвейерден шығарғандай етпей, әр домбыраны жеке жасау керек, сонда сапа болады. Қазір дүкендерде сапасыз аспаптар толып кетті.

- Домбыраны қандай ағаштардан жасаған жөн?

- Жаңғақ, қарағай ағаштарын әбден кептіріп алып, кірісу керек. Қақпағына емен, қайың ағаштарын қолдануға болады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары академик Ахмет Жұбановтың бастауымен оркестр құрылып, Эмануил Романенко деген шебер домбыраны бір қалыпқа түсірген ғой. Негізі домбыра жасаушы шеберлер қай кезде де болған.

Бәлкім, Құрманғазының өзі де, кім білсін, домбыра жасаған болар. Ал оның домбырасы қазіргіден мүлде бөлек қой. Қайткен күнде де біз домбыра жасау дәстүрімізді де жоғалтып алмауымыз керек. Құдайға шүкір, ізбасар шәкірттерім бар. Біздің ісімізді солар жалғастырады деп сенеміз. Кейінгі кезде ел-жұрттың домбыраға қызығушылығы артып келеді. Бұл – өте жақсы нышан. Осы бағытымыздан танбауымыз керек.

- Әңгімеңізге рахмет. Деніңіз сау болып, күй өнерін дамытуға үлес қоса беруіңізге тілекшіміз.


Соңғы жаңалықтар