Күзде бұғы неге ерекше дауыс шығарады

АСТАНА. KAZINFORM — Күз келгенде орман тыныштығын бұғылардың ерекше дауысы бұзады. Алыстан естілетін бұл үн — жай ғана табиғи дыбыс емес, аталықтардың күйек кезеңіне кіргенін білдіретін белгі.

Фото: Pixabay

Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жазуынша, күзде аталық бұғылардың мінез-құлқы өзгереді. Олар ерекше дыбыс шығарып, аналықтарды шақырады. Сонымен қатар бұл дауыс арқылы басқа аталықтарға өзінің бар екенін білдіреді.

Бұғы не үшін дауыс шығарады?

  • Аналықтарды шақырады. Дауыс арқылы аталық өзінің бар екенін білдіреді.
  • Қарсыласына белгі береді. Өзге аталықтарға өзінің аумақта екенін және күйекке түсіп жатқанын көрсетеді.
  • Бәсеке күшейеді. Күйек кезінде аталықтар арасында аналықтар үшін бәсекелестік арта түседі.

Осы кезеңде бұғының дауысы орман ішінде алыстан естілуі мүмкін. Бұл — күзгі табиғатқа тән ерекше құбылыстардың бірі.

Еске салайық, бұған дейін «Алтын-Емелден» Іле-Балқаш резерватына 30 құлан көшірілгенін жазғанбыз.